Заңсыз шығарылған 60 тоннадан астам шикізаттың нарықтық құны 60 миллион теңгеден асады
Ел аумағынан шетелге стратегиялық маңызды шикізатты заңсыз әкету әрекеттері тоқтатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі қара және түсті металл сынықтарын ел аумағынан заңсыз шығару арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Осылайша, Жетісу облысында полиция департаментінің жедел қызметкерлері экономикалық тергеу департаменті және кеден қызметімен бірлесіп, стратегиялық маңызды шикізат – қорғасынның ірі партиясын заңсыз әкетуге жол бермеді. 60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігі тоқтатылды, оның нарықтық құны 60 миллион теңгеден асады”, – дейді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Жүк заңсыз экспортқа жіберілмек болған. Қазіргі таңда қылмыстық схеманы ұйымдастырған барлық тұлғаны анықтап, ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде.
Бұған дейін осындай фактілер еліміздің басқа өңірлерінде де анықталған болатын:
- “Солтүстік Қазақстан облысында “жоғары легирленген болат” түрінде қара металл сынықтарын шетелге шығарып жіберуге тырысқан ЖШС-нің заңсыз әрекеті тоқтатылды. Шамамен 1 мың тонна металл сынығы, соның ішінде көршілес мемлекетке жөнелтуге дайын 7 вагон табылды.
- Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің біріне металл сынығын теңіз арқылы жөнелту арнасы анықталды. ЖШС аумағынан 400 тоннадан астам қара металл сынығы табылып, оның ішінде екі контейнер экспортқа дайындалып қойылған. Аталған барлық фактілер бойынша кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды”, – делінген полиция хабарламасында.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: