Бүгін сотта прокурор Мадина Оразалина сөз сөйледі
Прокурор Перизат Қайратқа қатысты іс – жай ғана алаяқтық туралы оқиға емес, «аманат, адалдық, қайырымдылық» сияқты қасиетті ұғымдарға жасалған опасыздық екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгін біз қоғамға кеңінен танымал Перизат Қайрат пен оның анасы Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі қарау бойынша сот процесінің қорытындысын шығарып отырмыз. Осы отырысқа дайындалып жатып, бұл сөзімді “Ізгілік бетпердесі” деп атау ойыма келді. Сөзімді ұлы жомарттық пен ар-ұждан иесі – Қазақстан халқына алғыс білдіруден бастағым келеді…»
Прокурордың айтуынша, Перизат Қайрат қайырымдылықты желеу етіп, халықтың сенімінен пайда тапқан.
«Енді кімде-кім “қайырымдылық” деген сөзді өзінің жеке басының пайдасы үшін бүркеніш еткісі келсе, біліп жүрсін: халық енді үнсіз емес, мемлекет көз жұмбайды, ал сенім – шексіз емес».
Сөзінің соңында ол “садақа – бұл мансапқа жетудің құралы емес. Халықтың сенімі – әмиян да, бренд те емес. Бұл – аманат. Ал аманатқа опасыздық жасаған адам – мәңгілікке әшкере болады” деді.