Жол қауіпсіздігіне бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл іс-шара арқылы құқық қорғау органдары тек тексеру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, түсіндіру, ескерту және ақпараттандыру арқылы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады. Осы ретте, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың нұсқауына сәйкес, Төлеби ауданында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстар барысында Төлеби автобекетінде және қоғамдық көліктер жиі қатынайтын аумақтарда аудандық полиция қызметкерлері тарапынан жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Шара аясында жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз жолаушы және жүк тасымалының алдын алу, сондай-ақ тасымалдау қызметімен айналысатын тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қолға алынған. Сонымен қатар, жүргізушілерге заң талаптары, рұқсат құжаттарының маңыздылығы, сақтандыру мен техникалық байқаудан өту ережелері жөнінде толық ақпарат берілді. Шара барысында арнайы үнпарақтар таратылып, заңсыз тасымалдың салдары мен жауапкершілігі туралы айтылды.
Жалпы «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы - жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, көлік қатынасына қатысы бар азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған маңызды тетік болып табылады. Шара автокөлік құралдарымен жолаушыларды және жүктерді заңсыз немесе талапқа сай келмейтін жағдайда тасымалдаудың алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ, тасымалдаушылар мен қарапайым азаматтар тасымал саласындағы өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алады.
1488