×

7 500-ден астам адам сотталған: Қазақстанда жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр

Қазақстанда сегіз жылда 7 539 адам сыбайлас жемқорлық бойынша жазаға тартылған

7 500-ден астам адам сотталған: Қазақстанда жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр

Қазіргі кезде жемқорлыққа қарсы табанды күрес мемлекет саясатының басты бағыттарының біріне айналды. Қазақстанда сегіз жылда 7 539 адам сыбайлас жемқорлық бойынша жазаға тартылып отыр. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректеріне сүйенсек, соңғы 3-4 жылдың ішінде жыл сайын шамамен 1500–1700 аралығында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар тіркелген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ал былтыр ғана осындай қылмыстар үшін шамамен мыңға жуық азамат сот үкімімен жазаға тартылғаны мәлім болды. Олардың арасында 6 судья, 4 қала және аудан әкімі, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен ішкі істер саласының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Көлік және Денсаулық сақтау министрліктерінің мамандары бар. Аталған деректер елімізде жемқорлық мәселесінің өзекті әрі күрделі күйде қалып отырғанын аңғартады. Дегенмен, бұл – мемлекеттің ашықтықты нығайту және заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолында бірқатар жүйелі шараларды іске асырып жатқанын да айғақтайды. Сонымен қатар, мұндай статистикалық мәліметтер сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау арқылы шектелмеуі тиіс екенін, оның алдын алу бағытындағы тетіктерді жетілдіру қажеттігін де көрсетеді.

«Қазақстанда бұл бағыттағы күресті нәтижелі жүргізу үшін бірнеше кешенді шаралар мен жобалар қолға алынуда. Ең алдымен, қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік мекемелердің қызметіне жіті бақылау жасап, жемқорлыққа бейім тұстарды анықтайтын арнайы бақылау жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен қатар түрлі саладағы жемқорлық қатерлері сарапталып, оларды азайтуға арналған нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданады. Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша, айлық есептік көрсеткіштен екі есе артық кез келген қаржы көлемі (яғни 7864 теңге және одан жоғары), егер оның нақты себеп-салдарлық байланысы болса, пара ретінде бағаланады», – дейді заңгер Қадырбек Дүйсенбайұлы.

Оның  айтуынша, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (CPI) бойынша Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында алдыңғы қатарда тұр. Мәселен, Түрікменстан – 165-орында, Тәжікстан – 164, Қырғызстан – 146, ал Өзбекстан – 121-орынға тұрақтаған. Ал Қазақстан 100 балдық шкала бойынша 40 ұпай жинап, 88-орынды иеленген. Бұл — өңірлік тұрғыда ілгерілеушілікті байқатқанымен, әлемдік деңгейде әлі де айтарлықтай әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Жемқорлық көрсеткіші ең төмен елдер қатарына Дания (90 балл), Финляндия (88 балл) және Сингапур (83 балл) кіреді. Аталған мемлекеттерде демократиялық институттар берік орныққан, заңның үстемдігі бұлжымас қағида ретінде қалыптасқан және қоғамдық қадағалау тетіктері жоғары тиімділікпен жұмыс істейді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес Қазақстанда жүйелі әрі нақты қадамдар арқылы жүзеге асып келеді. Бұл бағытта қабылданған заңнамалық өзгерістер мен қоғамның белсенділігі нәтижесінде соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейіп, ашықтық пен есептілік деңгейі артты. Мәселен, жақында елімізде мемлекеттік қызметшілердің табысы мен мүлкін жариялау туралы талапты орындау міндеттеліп, олардың қаржылық операцияларына мониторинг жүргізу тетігі енгізілді. Бұл – парақорлықтың алдын алып, сенім мен жауапкершілікті арттыру жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар, «Ашық бюджет», «Ашық әкімдік» секілді жобалар арқылы халықтың мемлекеттік органдар қызметіне қолжетімділігі мен бақылау мүмкіндігі де артып келеді. «Ашық бюджет» секілді тиімді жобалар арқылы қоғам ашықтықты талап ететіні белгілі. Сол себепті мұндай бағдарламалардың игілігі де зор.

Бұл шаралардың барлығы – еліміздегі азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныш өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен, әрбір қазақстандық теріс қылықтардан бойын аулақ ұстап, құқық бұзушылыққа апаратын әрекеттерден аулақ жүрсе, қоғамда тәртіп пен тұрақтылық орнап, өркениетті елдің азаматтары ретінде еркін әрі бейбіт өмір сүруге мүмкіндік туады. Сыбайлас жемқорлық – құқықтық мемлекетке төнетін ең өткір қатерлердің бірі. Ол қоғамның билік институттарына деген сенімін бұзып, әділдік, теңдік және ашықтық қағидаттарын бұзады. Бұл теріс құбылыспен тиімді күрес жүйелі және мақсатты алдын алу жұмыстарынсыз мүмкін емес. Мұндай жұмыс мемлекеттік және қоғамдық басқарудың барлық деңгейлерін қамтуы тиіс.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →