Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасымен жер қойнауын пайдаланушының Атырау облысы бойынша экология департаментіне қарсы талабына қатысты дау қаралды
Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының Атырау облысының экология департаментіне берген әкімшілік ісі бойынша, яғни берілген нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арызын қарап шықты, деп хабарлайды Qaz356.kz.
Іс материалдарына сәйкес, уәкілетті орган нұсқама шығарған кезде әкімшілік кодексте көзделген рәсімдік талаптарды бұзғаны анықталды. Бұл жайт даулы нұсқаманы жоюға негіз болды.
“Алайда бұл рәсімдік бұзушылықтар жойылуы мүмкін болғандықтан, сот Атырау облысының экология департаментіне экологиялық бұзушылықтардың мәніне баға берместен, құқықтық ұстанымды ескере отырып, әкімшілік рәсімді аяқтау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, нұсқаманың рәсімдік бұзушылықтарға байланысты жойылуы экологиялық заңнаманың мазмұны бойынша бұзушылықтардың болмағанын автоматты түрде білдірмейді. Сот бұл іс бойынша қарау барысында экология департаментінің анықтаған бұзушылықтары бойынша қорытындыларының негізділігіне немесе негізсіздігіне баға берген жоқ, – деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі
Осылайша, сот шешімі экология департаменті анықтаған бұзушылықтардың мәнін қозғамайтын болды. Ал уәкілетті орган тарапынан рәсімдік кемшіліктер жойылған жағдайда қайта әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығармайды.