Түркістанда жасөспірімдер қылмысы 63,6%-ға азайды
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен құқықтық қамтамасыз ету бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жиын өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлім басшылары, сондай-ақ прокуратура, полиция қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыспен құқық бұзушылықтың профилактикасы, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу жұмыстарының жайы және жазғы шомылу маусымындағы оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша мәселелері қаралы. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Ахан Сапарбеков баяндама жасап, қала аумағындағы кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың жай-күйіне тоқталды.
Баяндамашының мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 63,6 пайызға төмендеген. Қала аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 140 сарбаздан тұратын Ұлттық ұлан күштері 47 жаяу бағытта кезекшілікке тартылған. Сонымен қатар, үш ауысыммен жұмыс істейтін 13 автопатрульдік полиция тобы шолу жұмыстарын жүргізуде. Құқық қорғау қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, 209 түсіндіру шарасы өткізген. Оқушылар мен ата-аналарға құқықтық сауаттылықты арттыру, ерте жүктіліктің, нашақорлықтың және суицидтің алдын алу тақырыптарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылған.
Қала әкімі жиын соңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін ескертіп, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.