Ернар Жиенбай Руслан Берденовті атқаннан кейін әкім Ғабит Сыздықбеков әкімдік ғимаратының алдына шығып, жағдайды өз көзімен көрген
Руслан Берденов атылған сәттен көп өтпей әкім Ғабит Сыздықбеков сыртқа шыққан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Видеода қылмыс жасаған Ернар Жиенбай қолы байланған күйі жерде жатады. Оның жанында бірнеше жігіт жүреді. Арасында біреуге қоңырау шалып тұрған полиция қызметкері де бар. Арада аз уақыт өткен соң Шымкент қаласының әкімі ғимараттан шыққан. Видеоға түсіндірме беріп тұрған адам онымен бірге әкімдік ғимаратынан аппарат басшысы шыққанын айтады. Әкім жерде жатқан Жиенбайға жақындаған кезде сол жерде тұрғандардың бірі “анау атты” деп Ернар Жиенбайды көрсетеді. Сол кезде әкімнің пәрменімен сондағылар Жиенбайды жерден көтеріп алады. Осы видеоға түсіндірме беріп тұрған экран сыртындағы адам “әкім көтер деді” деп түсіндіреді. Сол кезде Ернар Жиенбай басын көтеріп, әкімге қарата бір сөздерді айтады. Осыдан кейін Жиенбайды алып кеткен.
Сотта көрсетілген видео
Бірнеше күн бұрын Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Берденов ісі бойынша оқиға болған сәттің видеосы көрсетілген еді. Онда тәркіленген айғақтар, соның ішінде күдіктінің автокөлігіндегі заттар бейнеленген. Дәлелдер қатарында: ұялы телефон, «Сайга» қаруының қаптамасы, кобура және оптикалық көздеуіш бар. Оқиғаның қалай болғаны қала әкімдігі ғимаратындағы бейнекамералардан алынғаны айтылған.
21 сәуір күні кешкі сағат тоғыз шамасында қала әкімдігі ғимаратының Көрме орталығы бетіндегі есігінің жанына қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қызмет көлігінің тоқтағаны, іле-шала Руслан Берденовтің әкімдік ғимаратынан шығып ұялы телефонын қарап көлікке қарай бара жатқанын байқалады. Осы сәтте көлік жанынан айыпталушы Ернар Жиембай жүгіріп шығып, Берденовке қарай оқ атады. Берденов көлікті айналып қашады. Жиембай оның артынан қуып бірнеше рет оқ атады. Жиембай бас-аяғы 5 рет оқ атқан. Сондай-ақ сотта әкімдік бейнебақылау камераларына жазылған Жиембайды ұстау сәті көрсетілді. Кадрларда күдіктінің жаяу жүргіншілер өткелі маңында ұсталғаны көрінеді. Ол қарусыз болған, жерге жатқызылған. Ұстау операциясына полиция қызметкерлері және Руслан Берденовтің әріптестері қатысқан.