Ернар Жиенбайдың әкесі Жиенбай Пірәлиев сот үкімінен кейін журналистердің сұрағына жауап берді
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиенбайдың әкесі Жиенбай Пірәлиев апелляциялық шағым түсіру-түсірмеу жағын ақылдаса шешетіндерін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Біз сұраған бап бойынша жазасын бермеді. Берденов әкімнің орынбасары болмай тұрып бес күн бұрын сұхбат берген. Сонда “аудандағы әкімдер дұрыс шешім шығара алмайды” деген еді. “Неге?” деп сұрағанда “мен шешімді тез шығарамын” деді. Көрсеңіздер болады. Одан бөлек, “әкімдердің айлығы 1,5 млн теңге, ол не айлық?” дегені де бар. Оны не үшін мен айтып отырмын. Ол кісі келе сала “дұрыс шешім қабылдадым” деп отыр. Дұрыс шешім қабылдамады ол кісі. Ол кісі шекарасынан өтіп кетті. Менің келінім өсіп-өнген жердің қызы. Соған лайк басты, басқа да әрекеттері бар. Балам отбасын сақтап қалу үшін оның бәрін ішінде жұтып кетті. “Жала жапты” деп ойламаңыздар. Ол болған оқиға. Саяси лауазым иесі, “сен” деп сөйлейді. Оның өзі қателік. “Мен келдім, сен неге келмейсің? Шашың түсіп қалған, үстіңде не киім?” деп сөйлейді. Қарапайым халықты төмен санап, ақшасы мен өкілеттілігіне қатты қатты көңіл бөліп кеткен, бәрі өзінің тәкаппарлығынан деп ойлаймын, – дейді сотталушының әкесі.
Жиенбай Пірәлиев бұған дейін ешкімге сұхбат бермеген. Сот барысында ұлынан “келін жайлы ештеңе айтпай-ақ қойшы, 25 жыл алып кетсең де, айтпа” деп тапсырғанын айтады.
“Сот барысында дәлелденген фактілер ақпарат құралдарында айтылмады. Саяси қызметкер құрылыс басқармасының басшысын шақырып алып, “сен, Ернарға айт, тез арада кетпесе, істі болады, қаматам” деуінің өзі ақпарат құралдары үшін сенсация ғой. Бірақ оның бәрі төмен деңгейде ғана айтылып жатыр”, – дейді ол.
Сот процесі кезінде Руслан Берденов Ернар Жиенбай басқарған “Тұрғынүй Шымкент” компаниясы жұмысты дұрыс атқармағанын, есеп бермегенін айтқан еді. Жиенбай Пірәлиев бұл жөнінде былай түсініктеме берді.
“3,5 млрд теңге жымқырған деген нәрсені де айта кетейін. Тұрғынүй Шымкент ЖШС – тұрғын үйлердің шатырын істейтін мекеме. Оның ақшасын төлейтін – сол үйлердің адамдары. Несиемен мойындарына жазылады. Ол жұмыс барысында тұрғындар қарап, шығып, сметасын бірге жасайды. Қай жерін істету керек, қай жері керек емес, себебі ертең төлейтін солар. Соны алады да, барлығы тек Берденов жаққа бұрып, “3,5 млрд теңге жымқырылыпты” дейді. Ақ-қарасына жетпей, небір қаралау фактілері орын алды. Бірақ мен соған қарамастан барлық БАҚ-қа рақмет айтамын. Болған оқиғаларды дұрыс жазып жатқандар да болды”, – дейді ол.
“Үкіммен келісесіздер ме?” деген сұраққа Жиенбай Пірәлиев ақылдасып, шешім қабылдайтындарын айтты.
Еске сала кетейік, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты іс бойынша үкім шығарылды. Сот үкімімен Ернар Жиенбай 9 жылға сотталды. Оның әкесі Жиенбай Пірәлиев “Берденов уәде еткенімен, кешірім бермеді” деп мәлімдеді.