×

Жаптым жала, жақтым күйе: Жаңаарқада теміржолшының үстінен полицияға құпия арыз түсіргендер табылмай жатыр

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ерекше бір оқиға сондағы бір тұрғын мен полицияның арасында дау туғызған

Жаптым жала, жақтым күйе: Жаңаарқада теміржолшының үстінен полицияға құпия арыз түсіргендер табылмай жатыр
Qaz365.kz коллажы

Теміржолшы өз жұмысын адал атқарып жүріп, қылмыстық жауапкершілікке тартыла жаздапты. Бір қызығы, бұл іс қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, әу бастан тоқтап қалса да, зардап шеккен азамат өзінің үстінен кім арыз түсіргенін білмей әлек. Бұл оқиғаға Qaz365.kz үңіліп көрді.

Жұмбақ адамнан түскен арыз

Жаңаарқа ауданының тұрғыны Дәулет Мұздыбаев басынан өткен оқиғаны былай баяндайды:

«2025 жылы 21 сәуірде сағат 17:32 шамасында Жаңаарқа полиция бөлімшесіне белгісіз адамнан анонимді қоңырау түскен. Ол кісі 102-ге қоңырау шалған. Ол полицияға мен жайлы «Дәулет Мұздыбаевқа барсаңыздар, қазір жұмыс орнында заңсыз мылтықтың оқтарын сатып жатыр» деген хабарлама береді. Осы хабарламаны алғаннан кейін полиция бөлімшесінің қызметкерлері шұғыл түрде менің жұмыс орныма келеді. «Сіз жайлы осындай хабарлама түсті, сізді тексеруіміз керек» дейді. Мен ешқандай қарсылық көрсетпей жұмыс орнымды көрсеттім. Ол кісілер видеожазбаны қосып менің жұмыс орнымды тексерді. Тексеру нәтижесінде ешқандай заңға қайшы заттар таба алмады», - дейді Дәулет.

Осыдан кейін Сұлтанов деген тергеуші Дәулетті полиция бөлімшесіне ертіп апарады. Сонда құжаттарына қол қойдырып, «сіздің тұратын үйіңізді тексереміз» деп басшылықтан хабар алғанын ескертеді. Дәулет бұған да келіседі. Полиция бөлімшесінен шығып бара жатқанда Жалғас Махмұтұлы 102-ге хабарласқан нөмірді жазып алғанын айтып, дауысын «тыңдап көрші, егер танысаң бізге кім екенін айт» деп өтінген. Аудионы тыңдағанда Дәулет Жаңаарқа пайдалану депосында жұмыс істейтін машинисттің көмекшісінің даусына ұқсатқан. Оны полицияға да айтқан.

Дәулеттің үйіне келгеннен кейін полиция қызметкерлері аудио және видеожазбаны қосып, екі қабаттық үйіне бала-шағасының көзінше тінту жүргізеді. Үйге кірмей тұрғанда Дәулеттің үлкен қызы мен екінші ұлы терезеден полиция машиналарын көріп қалып, «папамызды милициялар әкетейін деп жатыр» деп зар жылаған. Дәулеттің әйелі екеуін әрең жұбатыпты. Полицияның тексерісі нәтижесінде ешқандай заңға қайшы заттар таппайды. Содан соң құқық қорғаушылар жұмыстарына қайтады. 

«Осыдан кейін үйге кіріп, отбасыммен шай ішейін десем, келіншегім шок алып қалыпты. Үндемей жылай берді. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Әйелімнің қысымын тексертіп, тыныштандыруға тырыстық», - дейді Дәулет.

«Маған қылмыскер ретінде қарайды»

21 сәуір күні кешке 23:30 шамасында Дәулет полиция бөлімшесіне барып, арыз жазады. Отбасының шырқын бұзып, әріптестерінің алдында ұятқа қалдырған адамның кім екенін тауып беруді өтінеді. 

«Әбдіғожин деген полиция қызметкері, ол өтінішті қабылдап қолыма талон ұстатты. Осы өтінішті жазғаннан кейін жарты айдың шамасында ешқандай хабарлама келмеді, ешқандай нәтиже болған жоқ. Мен полиция бөлімшесіне өзім бардым да, қандай жұмыстар жүріп жатыр, не тексердіңіздер деп сұрадым. Ұрсысуға тура келді. Бірақ маған ол жерде ешкім жәбірленуші емес, бір қылмыскер ретінде қарайды. 19 мамыр күні полиция бөлімшесіне тағы бір арыз қалдырдым. 102-ге қоңырау шалған адамның маған аудиожазбасын беріңіздер деп сұрадым. Бір қызығы, 22 сәуірде мен күдіктеніп жүрген адамды кешкі сағат 23:30-23:40 шамасында полиция бөлімшесіне шығып келе жатқанын танысым көріп қалған. Ертеңінде мен одан «сен полиция бөлімшесінде не істеп жүрдің?» деп сұрадым. Ол «жолдастарыма донер алып барғам» дейді. Жолдастары полиция бөлімшесінде істейді екен. «Нақты кімге апардың, бәрін танимын, аты-жөні кім?» дедім. «Жоқ, айта алмаймын» деді», - дейді Дәулет.

Дәулетке өзіне қарсы қоңыраудың аудиосын полиция қызметкерлері сол күйі бермепті. Қайта-қайта сұраған соң полиция бөлімшесінің бастығы міндетін атқарушы Битенов «құрылыс жұмыстарына байланысты аудиожазба сақталмаған және біз сізге бере алмаймыз» деген жауап берген. 

«Алдыңа әкеліп берейін бе?»

Дәулет осыдан кейін амалсыз заңгерлермен жұмыс істей бастайды. Заңгер Роза Қалкенова арқылы ол прокуратураға, полиция бөлімшесіне хат жазады. Мұның себебі де салмақты: «қылмыстық іс қозғалып, үйіңді тінтеміз» деген үрейлі хабар Дәулеттің өзінен бастап, әйелінің де, 72 жастағы анасының да денсаулығына жаман әсер еткен. Тіпті анасы 10 күнге ауруханаға жатып шыққан. Балалардың психологиялық соққы алғаны да Дәулетті қатты алаңдатып қойған. Заңгер арқылы осының бәрін арызында келтірген Дәулет Ішкі істер министрлігіне, өзіндік қауіпсіздік департаментіне арыз түсірген. Осы арыздан кейін  Ұлытау облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасынан Жанболат Көшеков атты тергеушіні тексеруге жібереді. Көшеков тиісті тексеру жұмыстарын жүргізеді. 

«Көшековпен сол кезде мен көзбе-көз жолығып, бүкіл мән-жайды баяндап бердім. Ол бұл жерде полиция қызметкерлері тарапынан көптеген заңбұзушылықтардың бар екенін маған айтып, бәрі жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. 26 мамырдан бастап өзім еңбек демалысына шыққанмын. Сенесіз бе, 42 күн демалыстың 20 күні бойы полиция қызметкерлері, оның ішінде орынбасарлары, Ақтілек Сұлтанов,  Арман Битенов барлық таныстарыма менің өтінішімді қайтаруды сұраумен боллы. Тіпті үйіме де келді. Мен «анау адамды тауып беріңдер» дедім. «Алдыңа әкеліп берейін бе?» деп Битенов айтты. Мен «маған заң бойынша алып келіңіздер, заң бойынша тергеу жүргізіңіздер» дедім. «Жарайды» деп ол кісі кетті. Арман Битенов «Мен Ұлытау ауданына басшылық қызметке ауысуым керек, ал сенің өтінішің маған кедергі болып тұр» деді», - дейді Дәулет. 

Дәулеттің заңгермен жұмысынан түк шықпапты. Дәулет әлгі заңгері арызда бүкіл шағымын атап көрсетпегенінен де күмәнданады. Е-өтініш арқылы қайта-қайта арыз жазғаны да нәтиже бермеген.

«Менің күдіктенетінім – аудио 25 сәуір күні таңертең өшірілді дейді. Мұны маған облыстан келген тергеуші Жанболат Көшеков айтты. Бұндай айғақты өшірудің бабы бар: қоңырау кемінде 5 жыл сақталуы керек. Бұны қолмен өшіріп отыр», - дейді ол. 

Қызметтік тексеріс

Дәулет бірнеше рет арыз жазғаннан кейін ақыры, полиция қызметкерлерінің жазаланғаны жайлы бір бет жауап келген. Ол бетте аудандық полиция бөлімінің аға-инспекторы, полиция майорына ескерту берілгені жазылған. Ал Жаңаарқа ауданының аға анықтаушысы, полиция капитаны мен полиция бөлімі бастығының орынбасарына бұрын сөгіс жарияланғаны аталып өтіп, жаза сонымен ғана шектелгені хабарланған. 

Алайда Дәулет іске бұлай жылы жауып қойғысы келмейді. Ол не себепті арыз иесін полиция қызметкерлері соншалықты жауып отырғанын түсінбейді.

Qaz365.kz порталы Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің атына осы оқиға бойынша ресми сауал жолдады. Жауап келген бойда жарияланады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек кулуарда журналистердің сұрақтарына жауап беріп, заңсыз беріліп кеткен жерлер қалай қайтарылып жатқанын айтты
Олар 3 миллиард 700 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →