Түркістан облысында жантүршігерлік қылмысқа қатысты сот шешімі шықты. 75 жастағы қарияны аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Өзбекстан азаматы түрмеге қамалмай, емдеу мекемесіне жіберілмек, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға биыл мамыр айында Сарыағаш ауданында тіркелген. Тергеу деректеріне сәйкес, 39 жастағы Өзбекстан азаматы Қазақстанға жұмыс іздеп келген. Сол түні ол өзі еңбек етіп жүрген әйелмен жанжалдасып, көшеге шығып кеткен.
Таңертең ол көше бойында жүрген қарияны тоқтатып, су сұраған. Ақсақалдың «жоқ» деген жауабы мигрантты ашуландырып, жерде жатқан балтамен оның басынан ұрған. Бұнымен қоймай, ол марқұмның дене мүшелерін де зақымдаған.
Қылмыс жасағаннан кейін айыпталушы полицияға өзі хабарласқан. Ол тәртіп сақшыларына бұрын сотты болғанын және психикалық есепте тұрғанын айтқан.
4 қыркүйекте Сарыағаш аудандық сотында істің үкімі шықты. Судьяның шешімі бойынша, айыпталушы қылмыс кезінде ақыл-есінде ауытқу болған деп танылып, түзету мекемесіне емес, ерекше бақылаудағы психиатриялық емдеу мекемесіне жіберілді.
Қарияның жақындары сот шешімімен келіспей отыр. Олар апелляциялық сотқа арыз түсірген. Алдағы уақытта іс қайта қаралмақ.