Жомарт Ертаев Bank RBK-тен 2011–2017 жылдар аралығында 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен кінәлі деп танылған
Даулы істерімен танымал банкир Жомарт Ертаев қайтадан жазасын өтеуге жіберілді. Бүгін сот қаулысы күшін жойып, оны қамауға алу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жайлы Мәжіліс депутаты әрі адвокат Абзал Құспан өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді:
Ертаевқа қатысты сот қаулысы бүгін жойылды. Әділ шешім шығарған ҚР бас прокуратурасына, Алматы облысының прокурорына және сотқа алғыс білдіремін. Сондай-ақ бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген журналистерге де ризашылығымды білдіремін», - деп жазды ол.
Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Жомарт Ертаев Bank RBK-тен 2011–2017 жылдар аралығында 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол өз қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге қаражатты заңсыз иемденген. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған қаржы мен мүлікті заңдастырғаны үшін де жауапқа тартылған. Кейін апелляциялық сот бұл мерзімді 9 жылға қысқартты.