Бүгінде Атырау қаласында жасанды интеллект элементтері бар 75 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді
Атырауда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика жүйесі енгізіліп, 75 камера ЖИ арқылы қызмет етуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ішкі істер министрі жариялаған профилактика жылы аясында Атырау облысында “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру мақсатында іске қосылған интеллектуалды бейнеаналитика жүйесі полицияның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын тиімді атқаруына мүмкіндік беруде.
Бүгінде Атырау қаласында жасанды интеллект элементтері бар 75 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар адамдар көп жиналатын нысандарға – аялдамаларға, әуежай мен теміржол вокзалына, сондай-ақ автовокзал аумағына орнатылған.
Жүйе азаматтардың жүзін танып, агрессивті мінез-құлықты, адамдардың шамадан тыс жиналуын, және өзге де күмәнді жағдайларды автоматты түрде тіркейді. Мұндай жайт анықталған сәтте жүйе жедел қызметтерге бірден дабыл сигналы жібереді. Сондай-ақ, жүйеге іздеудегі, есептегі тұлғалардың фотосуреттері енгізілген, камера обьективіне ілінген бойда бет пішіндері арқылы сәйкестендіріліп, лезде Жедел басқару орталығына хабарлама түседі.
Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жәкей Иманкуловтың айтуынша, бейнеаналитика жүйесі өз тиімділігін дәлелдеп үлгерген:
Жыл басынан бері бейнеаналитика жүйесінің көмегімен 209 адам анықталып, оның ішінде 119 құқық бұзушы полицияға жеткізілді. Анықталғандардың басым бөлігі – әуежай, теміржол және автовокзал аумақтарында жасанды интеллект арқылы бет бейнесі сәйкестендіріліп танылған азаматтар, – деді ол.
Жаңа цифрлық технологиялар полиция жұмысының тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған. Болашақта мұндай интеллектуалды жүйелерді облыстың өзге аудандарына орнату жоспарланып отыр.