Бас прокурор Берік Асылов Болат Назарбаевтың ұлы, 41 жастағы Нұрбол Назарбаевтың активтерін мемлекетке қайтару процесіне қатысты депутат Ринат Зайыттың сауалына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат бұған дейін Мәжіліс отырысында кіші Назарбаевқа қатысты сот процесінің жабық өткенін айтып, активтерді қайтару ісіндегі ашықтықтың болмауы қоғамда сенімсіздік тудыратынын мәлімдеген болатын.
Алайда Берік Асыловтың жауабында бұл процестердің жария түрде жүргізілуіне заң жол бермейтіні айтылған.
– Заң шеңберіндегі жұмыспен сіздің сауалыңызда көрсетілген тұлға да қамтылған. Дегенмен, «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мен комиссия алынған мәліметтердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сіз көрсеткен ақпарат активтерді заңсыз иемденуге қарсы іс-қимыл барысында ескерілетін болады, – делінген Бас прокурордың ресми жауабында.
Сонымен қатар Берік Асылов ел бойынша 1,3 триллион теңге көлемінде шаралар қабылданғанын хабарлады.
– Заң субъектілерімен жасалған келісімдерге сәйкес, мемлекет пайдасына ерікті түрде шамамен 750 миллиард теңге қаражат аударылып, 103 миллиард теңге көлеміндегі мүлік заттай тапсырылды, – делінген хатта.
Айта кетсек, қыркүйек айының басында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті (қазіргі инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті) Нұрбол Назарбаевты сотқа берген. Сот үкімі құпия сақталып, қоғамға толық ақпарат жария етілмеген. Белгілісі — Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңге көлеміндегі мүлкінен айырылып, мемлекет пайдасына қайтаруға міндеттелген.
Кейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт бұл істің жабық өтуін сынға алып, активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа пайдасы мен жұмыс орындарының сақталуы жайлы нақты ақпараттың жоқтығын айтқан еді.
Бас прокурордың жауабында бұл мәселелердің барлығы уәкілетті органдардың бақылауында екені және қайтарылған активтер бойынша жұмыс жалғасып жатқаны көрсетілген.