×

Ашықтық пен жауапкершілікті арттыру парақорлықтың жолын кеседі – Бағдат Амандосұлы

Жүйелік жемқорлықты түбірімен жою үшін уақыт пен табанды саяси ерік қажет
         

 

Ашықтық пен жауапкершілікті арттыру парақорлықтың жолын кеседі – Бағдат Амандосұлы
Фото: zanger_bagdat.amandossuly

Адам өмірі мен құқына нұқсан келтіріп, қоғам дамуын тежейтін жегі құрт – сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түсер емес. Елімізде  жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар коррупцияны төмендетуге әсер етуді көздейді. Дегенмен жағдай әлі де алаңдатарлық деңгейде екені рас, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жемқорлықтың зардабы өте ауыр: бұл ел дамуының кешеуілдеуі, салынбай қалған мектептер мен ауруханалар, сапасыз ғимараттар, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы, заңсыз байлық, әлеуметтік қайшылықтардың пайда болуы, билік институтына сенімсіздік, т.б. Әділетті қоғам, теңдік пен даму қағидалары жемқорлық бар жерде іске асырылмайтыны белгілі. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың бір бағыты – парақорлықты азайту. Сарапшылар қауымы бұл бастамалар жемқорлық деңгейін азайтуға ықпал етеді деген пікірде.

Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, бұл бағытта нақты нәтижелер бар:

«Мысалы, 2022 жылғы конституциялық өзгерістер нәтижесінде билік тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлініп, азаматтардың құқықтарын қорғайтын Конституциялық сот құрылды. 2023 жылдың шілдесінде мемлекет басшысы заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды – бұл заң сыбайлас жемқорлық арқылы иеленген мүлікті анықтап, тәркілеу және қайтару механизмдерін қарастырады. Осы шаралардың арқасында 2022 жылдан бері шамамен 857 млрд теңге көлеміндегі активтер мемлекет қазынасы мен квазимемлекеттік секторға қайтарылғаны хабарланды».

Халықаралық бағалауларға келсек, мемлекеттік сектордағы жемқорлық деңгейін бағалайтын халықаралық рейтинг – Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексіне сәйкес, Қазақстан 2024 жылдың қорытындысы бойынша 180 елдің  арасында 88-орынға шықты.

«Бұл – біздің еліміз үшін тарихи жоғары көрсеткіш және кешенді қарсы шаралардың нәтижесі» дейді заңгер.

Алайда бұндай оң көрсеткіштерге қарамастан, жүйелік жемқорлықты түбірімен жою үшін уақыт пен табанды саяси ерік қажет. 

“Freedom House сарапшыларының пайымдауынша, қол жеткізілген жетістіктер көбіне тұрмыстық (ұсақ) деңгейдегі парақорлықты азайтуға қатысты болды да, ал жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты жемқорлық айтарлықтай төмендеген жоқ. Сондықтан демократиялық реформалар белгілі бір әсерін тигізгенімен, жемқорлықтың жалпы деңгейін елеулі түрде төмендету үшін реформалардың толық іске асуы және барлық салада ашықтық пен жауапкершіліктің артуы аса маңызды деп есептеймін”, – деп пайымдайды Б.Амандосұлы.

Ел дамуын тежейтін апатқа тең осы қылмыстың тыйылмауының бір себебі – жемқорлардың дер кезінде жазаланбауы. Бюджет қаражатын өз меншігіндей талан-таражға салып, жеке мүддесіне пайдаланатын теріс пиғылды лауазымды тұлғаларды бетімен жіберу халықтың билікке деген сеніміне де селкеу түсіреді.

Осы ретте Халықаралық Transparency International ұйымының төрағасы Франсуа Валериан былай деп атап өтеді:

«Сыбайлас жемқорлық осы саладағы құқық бұзушылықтарды қатал жазалап, үкіметті тізгіндеп ұстамайынша гүлдене береді. Сот орындары әділетсіз болса немесе саяси билік тарапынан қадағаланып отырса, қарапайым халық зардап шегеді. Саяси көшбасшылар заңды қолдайтын және парақорлықпен күресетін тәуелсіз институттарды қамтамасыз етуге бар күшін салуы қажет. Парақорлықты жазасыз қалдыруға болмайды».  

Сыбайлас жемқорлықтың өршуінің тағы бір себебі – пара берушілік. Қоғамдағы әр салада пара беру арқылы мәселе шешу әлі де кездеседі. Мысалы, ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің биылғы тамыз айындағы есебіне қарағанда, пара бергені үшін (367-бап) алғашқы жартыжылдықта 18 адам жауапқа тартылған.

Заңгердің айтуынша, қоғамда «пара берсең, іс бітеді» деген теріс түсінікті түбегейлі өзгерту үшін азаматтардың көзқарасы мен сана-сезімін өзгерту қажет. Алаған да, береген де жазалануға тиіс.

Бағдат Амандосұлы: 

– Ең алдымен, жемқорлыққа төзімсіз мәдениет қалыптастыруымыз керек – әрбір азамат пара беру де, алу да қылмыс екендігін түсініп, оны күнделікті өмірде қабылдамайтындай деңгейге жетуге тиіс. Бұл үшін отбасы тәрбиесінен бастап мектептегі білімге дейін, қоғамдағы насихатқа дейін адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіру маңызды. Азаматтық қоғамның белсенділігі ауадай қажет: жұртшылық мемлекеттік шешімдерді, бюджет қаражатының жұмсалуын, лауазым иелерінің іс-қимылын қадағалап, ашықтықты талап еткені жөн. Әрине, жемқорлықты көрген немесе соның құрбаны болған адам оны тиісті органдарға хабарлауға тиіс. Біз пара беру арқылы қысқа жол іздеудің ақыры ұзақ мерзімді зиянға апаратынын түсінуіміз керек. Егер бүгін мәселені ақша беріп шешсек, ертең осы теріс практикаға өзіміз қайта тап боламыз немесе жақындарымыз зардап шегеді.

Заңгер маман айтып өткендей, сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру жолы бар. Егер осындай хабар бойынша лауазымды тұлғаның айыбы дәлелденсе, хабарлаған адамға біржолғы сыйақы төленеді. Ол пара сомасының 10 пайызы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарға 19,9 млн теңге көлемінде сыйақы төленген. Бұл ретте хабар берген азаматтардың есімі құпия сақталады және қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.  

 Әлбетте, мемлекеттің ынталандыруы бір бөлек, ең бастысы – әр азаматтың жеке жауапкершілігі, саналы көзқарасы мен елге жанашырлығы. Қоғамымыздың әрбір мүшесі өз еңбегімен табысқа жетіп, өз білімімен оқуға түсіп мамандық алса, әркім қабілеті жететін жұмыспен айналысса, әділеттен аттамаса, ар мен заң алдында таза болса – жемқорлыққа жол қалмайды.   

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →