Заң жобасы тоғыз түрлі нормативтік актіге түзету енгізуді қарастырады
Қоғам белсендісі Бағила Балтабаева ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін заң жобасына байланысты өткен «Ұлтқа балта шабар ұйымдардың насихатына жол жоқ!» атты баспасөз мәслихатында қоғамдағы резонанс тудырған тақырыпқа пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл заң жобасы, жалпы айтқанда, мәжбүрліктен туындады, қоғамда соңғы жылдары, әсіресе 2019 жылдан бері бір жынысты ұйымдардың өкілдері ашықтан ашық, кәдімгідей өздерінің жалауларын жамылып тұрып, батыл лозунгтармен, яғни “біз лесбияндардың құқығын қорғаймыз” деген сөздермен алаңға, шеруге шығып жүрді. Сол шерулерге мен де куәмін, сол бір жыныстылардың шеруіне тікелей қатысып жүрген 8, 9, 10, 11 жасар кішкентай, өрімдей қыздар мен ұлдарды, көбінесе қыздарды көргендіктен, әрине қоғам белсендісі ретінде, ана ретінде ұлт болашағына балта шабатын мұндай ұйымдардың іс-әрекетіне қарсылығымды білдіріп, бір жынысты ұйымдардың үгіт-насихатына түбегейлі тыйым салынсын деген талаппен петиция жарияланды», – деді ол.
Белсендінің айтуынша, бастамаға 50 мыңнан астам адам қол қойғаннан кейін Үкімет заң жобасын қолға алып, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған.
«Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары қолдап, 12 қараша күні 2-ші оқылымнан өтіп Сенатқа жолданды. Енді алдағы уақытта Сенат қолдайтын болса, Президентіміз қол қоятын болса, бұл заң шықты деп есептесек болады. Лайым соған үлкен үміттеміз», – деді Бағила Балтабаева.
Журналистер заңның нақты әсері мен тиімділігі туралы сұрағанда, қоғам белсендісі оның басты мақсаты – балаларды азғындық сипаттағы ақпараттан қорғау екенін айтты.
«Пайдасы, әрине, болады. Өйткені бүгінгі күні Тикток, Инстаграм және де неше түрлі сайттар болды, ашықтан-ашық бір жынысты қатынасты насихаттаған. Тіпті бір парақша болды ішінде, менде скрині бар, “Лесбияндық жыныстық қатынастан ләззатты қалай алу жолдары” деген методичканы ашық түрде жариялады. Сол парақшаларға қарайтын болсаңыз, оқырман боп жазылған жасөспірім балаларды көресіз. Санасы қалыптаспаған балаларымыз сондай парақшаларда, Тиктокта, сайттарда жүретін болса, ол әрине санасы қатпаған бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді. Бірақ осындай ақпарат жан-жақтан тым көп болғандықтан, балаларымызға әсерін тигізетіні айдан анық», – деді ол.
Оның айтуынша, заң жобасында кәмелетке толмағандарды ақпараттық шабуылдан қорғау шаралары қарастырылған.
«Дәл қазір 18 жасқа дейінгі балаларымыздың, яғни кәмелеттік жасқа толмаған балаларымыздың санасын азғын ақпараттан сақтайтын болсақ, әлбетте, балалар әрқайсысы өз жолында – оқу, білім, өркендеу бағытында жүреді», – деді белсенді.
Заң жобасы тоғыз түрлі нормативтік актіге түзету енгізуді қарастырады.
«Бұл жерде 9 заңға норма кіргізіліп отыр, яғни ол Жарнама заңы, Денсаулық заңы және кино саласындағы, одан кейін Балалардың құқығын қорғау заңы, барлығы 9 заңға норма енгізіледі. Ол жерде жауапкершілікке тартылу мерзімдері толық заңнама жарияланған кезде анық болады. Бірақ ол жерде әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады», – деді ол.
Белсенді көрші елдердегі тәжірибеге де тоқталды.
«Өзбекстан мен жақын көрші елдер, мысалы Ресей Федерациясында 282-ші бап бойынша Қылмыстық кодексте бар және Өзбекстанда Қылмыстық кодекстің 122-ші бабы бойынша бір жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру нормасы енгізілген. Бірақ өкінішке қарай, бізде өйтіп Қылмыстық кодекске кірген жоқ. Десе де бұл кәдімгідей құқық бұзушылыққа жанасатын норма болады», – деді ол.
Сонымен бірге ол заңның мақсаты — бір жынысты адамдарды қудалау емес, насихатқа жол бермеу екенін атап өтті.
«Біз оларды кекетіп-мұқатып жатқан жоқпыз, аражігін ажыратып алайық. Бұл жерде нақты сол бір жынысты адамдардың жеке басына емес, сол бір жынысты ұйымдардың үгіт-насихатына және азғындық тарататын насихаттарға тыйым салынып жатыр», – деді ол.
Белсенді сөзін қорытындылай келе, мұндай нормалар әкімшілік деңгейде болса да, болашақта Қылмыстық кодекске енгізіледі деген үмітін білдірді.
«Десе де, бүгінгі күні әкімшілік құқықбұзушылық деп саналса да, алдағы уақытта Қылмыстық кодекске енгізеді деген үміттемін», – деді Бағила Балтабаева.