×

Астаналық студенттер кинологиялық орталыққа  экскурсия жасады

Астаналық студенттер кинологиялық орталыққа  экскурсия жасады
Фото: Qaz365.kz

Елордалық  «URBAN» және «Astana Profi» колледжінің студенттері Полиция департаментіне қарасты Кинологиялық қызмет орталығына арнайы барды деп хабарлайды Qaz365.kz

Онда қызметтік иттердің дайындығын өз көздерімен көріп, кинолог мамандығымен жақынырақ танысты. Танымдық экскурсия жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық білімін арттыруға бағытталған. 

Кинолог деген кім?
Экскурсия барысында студенттер кинологиялық қызметтің қалай жұмыс істейтінін, қызметтік иттердің қандай жағдайда дайындалатынын, олардың күнделікті міндеттерін жан-жақты бақылап көрді. Студенттер үшін иісшіл иттер арнайы тапсырмаларды орындады. Атап айтқанда, тыйым салынған заттарды іздеу, із кесу, командаларды тыңдау сияқты элементтер арнайы көрсетілді. Орталықтағы әр бөлімге жеке-жеке кіруге мүмкіндік алған студенттер кинологтардың жұмыс орнын, жаттығу алаңын және иттерді күту бөлмелерін аралады. 
Аталмыш экскурсияны  полиция капитаны, инспектор-кинолог Айнаш Балғыбаева жүргізді. Ол  студенттерге бұл  мамандықтың жауапкершілігі мен маңызды тұстарын жеңіл әрі түсінікті форматта жеткізді. Капитанның айтуынша, кинологиялық қызмет — тәртіп пен сенімге негізделген жүйе.  «Әр кинологқа бір ит бекітіледі. Ол итті басқа адамға бермейміз. Кинолог демалысқа шықса, ит те демалады, бұл сенім мен тұрақтылық үшін маңызды», — деді маман.

Иттердің міндеті де әртүрлі
Студенттерге орталықта қызмет ететін түрлі ит тұқымдары көрсетілді. Олардың қатарында неміс овчаркалары бар. Олар әмбебап, кез келген қызметке жарамды. Мәселен,  бельгиялық овчарка (малинуа)  қазіргі таңда ең көп қолданылатын, өте үйренгіш әрі жылдам әрекет ететін тұқым деп таныстырылды.  Сонымен қатар, ротвейлер, алабай, эрдельтерьер мінездерінің ерекшеліктеріне қарай түрлі бағытта дайындалады екен. Әр иттің жұмыстағы міндеті оның табиғи қабілеті мен мінезіне байланысты белгіленеді.

Қызметтік дайындық қалай жүргізіледі? 
Айнаш Балғыбаева студенттерге оқыту жүйесін де егжей-тегжейлі түсіндірді. Кинолог пен ит арнайы орталықта үш ай бойы бірге оқиды. Курстың соңында екеуі де емтихан тапсырады. Кейін жыл сайын қайта даярлықтан өту міндетті талаптардың бірі.  Қызметкердің айтуынша, оқыту әдістері екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, ойын арқылы мотивация беру (доп, арқан, ойыншық). Екіншісі, тағамдық марапаттау әдісі (дұрыс орындаған тапсырма үшін тәтті беру). «Әр иттің мотивациясы әртүрлі. Бірі ойыншықпен жақсы жұмыс істейді, бірі  тағамды жақсы көреді. Ең бастысы, тапсырма дұрыс орындалса, марапат міндетті түрде болу керек», — деді капитан Балғыбаева.
Сонымен қатар, қызметтік иттердің күтімі мен күн тәртібі де таныстырылды. Орталықта иттердің денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Әрқайсысы арнайы жеммен күніне 510 грамм қорек алады. Олардың күн тәртібі нақты жоспарланған. Серуендеу, жаттығу, күтім, гигиена – барлығы журналға белгіленеді. Студенттер арнайы қарғыбаулар, қорғаныш костюмдері, жаттығу құралдарымен де жақын танысты. 
Кинологтар экскурсия кезінде жасөспірімдерге иттермен жұмыс істегенде  сақтық шараларын барынша сақтауға назар аудартты. Бөтен итті сипауға болмайтыны, айқайламау, қозғалмау, асығыс әрекет жасамау, ит жақындағанда сабыр сақтау және сөмкені алдыңа қою қажет. Бұл кеңестер студенттер үшін аса пайдалы болды.


Шара соңында Айнаш Балғыбаева бұл салаға қызығушылық танытқан жастарға бағыт-бағдар берді.
«Келешекте осы мамандықты таңдағыларыңыз келсе, біз әрқашан ашықпыз. Колледж немесе университеттен кейін арнайы дайындықтан өтіп, біздің бөлімге тәжірибеден өтуге болады. Бұл  күрделі, бірақ өте маңызды мамандық», — деді ол.
Экскурсия студенттер үшін тек қызықты тәжірибе ғана емес, полиция жұмысының маңызды бағыттарымен танысуға үлкен мүмкіндік берді. Жастар қызметтік иттердің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін тереңірек түсініп қана қоймай, кинолог мамандығының қыр-сырын біліп қайтты.  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →