С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде елордалық Полиция департаментінің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Астана — есірткісіз қала» атты ауқымды профилактикалық акциясы өтті, деп хабардайды Qaz365.kz.
Оған студенттер, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері мен денсаулық саласының мамандары жиналды. Келген қонақтар қатарында әлем чемпиондары және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ангелина Лукас, Илья Ильин, Василий Тахтай, Нұрсұлтан Алиакбаров, Әли Ермағамбет, сондай-ақ Русалина Молдахметова мен Дамир Байбазаровтар бар.
Олимпиада чемпионы Илья Ильин студенттер алдында сөз сөйлеп, оңалту орталықтарының жұмысы мен ондағы мамандардың еңбегінің маңызы зор екенін атап өтті.
“Сіздер қиындыққа тап болған адамдарды сауықтыру жолында үлкен қадамдар жасап жатырсыздар. Еңбектеріңіздің арқасында көбі адам болып қала алады”, – деді танымал спортшы.
Илья Ильин нашақорлыққа тәуелді болып, кейін өмірін қайта қалпына келтіре алған қарапайым жастардың өмірінен мысал келтірді. Ол мінездің беріктігі мен жақын жандардың әрдайым қолдауы есірткіге қарсы күресте шешуші рөл атқаратынын жеткізді.
Спортшы жастарға оқу мен , спортты, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ата-ананы қадірлеуге және елдің болашақтағы жетістігі олардың таңдауына байланысты екенін еске салды.
“Алдарыңа батыл мақсат қойыңыздар, үнемі қалыпта болыңыздар, пайдалы іспен айналысыңыздар. Қазақстанға мықты, дені сау және өзіне сенімді сіздер сияқты жастар керек”, – деп түйіндеді Ильин.
Ал халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Василий Тахтай студенттермен өзінің балалық шағындағы жеке оқиғасын бөлісті. Ол қылмыстық ауданның бірінде өскенін, көрген зорлық-зомбылық пен қылмыстық орта оған алғаш рет жеке жауапкершілік туралы ой салғанын айтты.
“Мен ол кезде 11 жаста едім. Сол кезде өзімді және отбасымды өзім қорғауым керектігін түсіндім. Бұл — жауапкершілікті өз мойныма алған алғашқы сәтім болды” , –деді ол.
Спикер спортқа келу арқылы өз-өзіне қорған мен тірек болғанын, дәл осы жерде ол тәртіп орнатуды, өзіне сенуді және жақсы ұстаздар табуды үйренгенін атап өтті.
“Жаттығулар менің өсу дағдыма айналды. Әрқайсыңыз биікке жетелейтін жолды өздеріңіз таңдай аласыздар” деді ол.
Студенттер тақырыптық бейнероликтер көріп, нарколог дәрігердің лекциясын тыңдады және шақырылған мамандармен бірге профилактика мәселелерін талқылады. Үлкен қызығушылық тудырғаны — Кинологиялық қызмет орталығы мен полицияның арнайы бөлімшелерінің (СОБР) көрсетілімдері болды. Онда қызметтік иттердің жұмысы, қару-жарақ және тактикалық элементтер көрсетілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері елордалық полиция мектеп оқушыларымен, студенттермен, спортшылармен, еріктілермен және жастар ұйымдарымен 600-ден астам кездесу өткізді. «Астана жастары» ұйымымен бірлескен акциялар аясында 2,5 мыңнан астам наркограффити боялды, тыйым салынған материалдарды таратқан сайттар бұғатталды.