×

Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа сот үкімі шықты

Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа сот үкімі шықты
Бағдат Қарасаевтың Instagram-дағы парақшасынан

Алматы облысы Іле ауданының экс-әкімі Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл ақпаратты облыстық сот Kazinform агенттігіне ресми растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іле аудандық соты Қарасаев пен өзге де тұлғаларға қатысты істі қарап, экс-әкімнің лауазымдық өкілетін теріс пайдаланып, жеке компанияға жер телімін заңсыз бергенін және тұрмыстық қалдықтар полигонын басқаруда кәсіпорынның мүддесін қорғағанын анықтаған. Сондай-ақ ол заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан деп танылды.

Сот үкіміне сәйкес:

  • Бағдат Қарасаев ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 3-бөлігі және 364-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды;

  • Қоса айыпталған тұлғалардың бірі 1 жылға бостандығын шектеу жазасын алды, тағы бірі 2 жыл 6 айға шектелді, ал бір адам ақталды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Бағдат Қарасаев Іле ауданының әкімі қызметін 2018 жылдың қыркүйегінен бастап атқарған. Оны 2024 жылғы қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қаржы жымқыру және өкілетін асыра пайдалану күдігімен ұстаған.

Тергеу материалдарына сәйкес, Қарасаев санитарлық-эпидемиологиялық рұқсатсыз және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, аффилиирленген компанияға тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқаруға берген. Бұл кәсіпорын шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған, ал одан түскен табысты экс-әкім жеке пайдасына жұмсаған.

Тексеру қорытындысы бойынша, аталған әрекеттердің салдарынан аймақ экологиясына 204 млн теңге көлемінде залал келген.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →