Астана қаласында ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарын қорлаған блогерге қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 2025 жылғы 2 желтоқсанда блогер О.-ға қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы (ӘҚБтК 434-бабы, 1-бөлік) бойынша іс қаралды.
Тергеу материалдарына сәйкес, әйел адам Instagram парақшасында қоғам мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қорлайтын, бейәдеп сөздер айтылған бейнежазба жариялаған. Осы әрекеті арқылы ол қоғамдық тәртіпті бұзып, өзгелерге құрметсіздік көрсеткен.
Сотта блогер бейәдеп сөз айтқанын мойындаған, бірақ «ешкімді қорлау ниетім болмады» деп түсініктеме берген.
Заң бойынша бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Алайда оның кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, қамау түріндегі жаза қолданылмайды.
Сот жеңілдететін мән-жайды ескере отырып, О.-ға 78 640 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Полиция департаменті мұндай әрекеттердің қоғамда моральдық құндылықтарға қайшы келетінін, ал әлеуметтік желілерде жарияланған материалдардың қоғамдық санаға әсері зор екенін атап өтті.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.