Атырауда балалардың көз алдында болған ауыр қылмысқа қатысты сот процесі аяқталды. Сот 41 жастағы Тимур Кабдрахитовты кінәлі деп танып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Qaz365.kz жаншошырлық жағдайдың мән жайын анықтады.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 19 тамызда болған. Отбасындағы жанжал кезінде ер адам жұбайы, 39 жастағы Ләззат Тасқынбаеваны аяусыз соққыға жыққан. Әйел алған ауыр жарақаттарының салдарынан сол жерде көз жұмды. Іс жайлы марқұмның бөлесі өзінің пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады:
«Бөлем Ләззат Тасқынбаеваға қатысты сот ісі аяқталды. Қылмыстың аса қатігездікпен жасалғанына қарамастан, кінәлі адам небәрі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл шешім туралы тіпті марқұм Ләззаттың туған әпкесі де маған арнайы хабарлауды қажет деп таппаған, мен мұны кездейсоқ білдім.
Мұндай үкіммен келісу оңай емес, ал әділетсіздік сезімімен өмір сүру одан да ауыр. Бір күні елімізде адам өмірінің қадірі шын мәнінде қорғалып, заң алдында әділ бағасын алады деп үміттенгім келеді», — деді Майра Сәдуақас.
Алғашында іс «денсаулыққа ауыр зиян келтіру салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қозғалғанымен, тергеу барысында қылмыстың мән-жайы нақтыланып, іс «қасақана адам өлтіру» ретінде қайта сараланған.
«Егер соттың бейнежазбасын мұқият қарасаңыз, Атыраудағы іс біршама қойылымға ұқсайды деген ой туады. Неге БАҚ өкілдерінен тек бір ғана Caspian News қатысқан? Неге басқа журналистер шақырылмаған? Тәуелсіз БАҚ өкілдері неге қатыстырылмаған? Барлығы көп сұрақ тудырады. Іс тек ресми түрде қоғамды тыныштандыру үшін ғана ұйымдастырылған сияқты көрінеді. Мұны қабылдау маған қиын. Шынымды айтсам, айтарға сөз таппай отырмын», — деді Майра Сәдуақасова.
Қылмыс жасалған сәтте пәтерде ерлі-зайыптының 12 және 6 жастағы екі қызы болған. Үлкен қызы болған оқиғаның бәрін көзімен көріп, кейін сотта куәлік берген. Анасының өлімінен кейін балалар уақытша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, психологтардың бақылауына алынған. Денсаулығы мен көру қабілетінің нашарлығына байланысты әжесі немерелерін өз қамқорлығына ала алмаған.
Сот барысында тағы бір жайт белгілі болды. Кабдрахитов әйелін соққыға жыққаннан кейін жедел жәрдем де, полиция да бірден шақырмаған. Алдымен әпкелеріне хабар беріп, тек олар келген соң ғана арнайы қызметтерге жүгінген.
Марқұм мен сотталушы шамамен 14 жыл бірге өмір сүрген. Қаза тапқан әйелдің туыстарының айтуынша, соңғы жылдары отбасы тұрмыстық жанжал мен зорлық-зомбылықтан көз ашпаған.
Бұған дейін «Немолчи.kz» кешкентай қыздардың анасының денесінің қасында жылағанын атап өтіп, жазба жариялаған болатын.
«Анашым, ояншы! Сен жай ғана жатырсың ғой! Тұршы!», — деп қыздардың жылағанын марқұмның бөлесі айтқан.
Айта кетейік, ер адам ішімдікке салынып, әйеліне бірнеше рет қол көтерген. Соған қарамастан, Ләззат балаларын ойлап, бар қиындыққа төзіп келген.
Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.