×

Қостанайда баласын ұрған педагог айыппұл арқалады

Қостанайда баласын ұрған педагог айыппұл арқалады
Татьяна Файль/ Тоболинфо

Қостанай қаласының тұрғыны, көп жылдық еңбек өтілі мен кәсіби марапаттары бар педагог баласына дене жарақатын салғаны үшін сот алдында жауап берді. Сот шешімімен оған 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tobolinfo-ға сілтеме жасап.

Айыптау нұсқасына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 11 қарашада болған. Әйел тәрбиелік мақсатта кәмелетке толмаған ұлын белбеумен ұрып-соққан. Кейін бала мектепте мұғалімдеріне және сыныптастарына арқасындағы көгерген іздерді көрсеткен. Осыдан кейін білім беру ұйымының әкімшілігі тиісті органдарға хабар берген.

Аталған дерек бойынша әйелге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 2-бөлігінің 8-тармағы – кәмелетке толмаған балаға дене ауыртпалығын келтіріп, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтірмей ұрып-соғу бабы бойынша айып тағылды. Оқиғадан кейін бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

Сот отырысында педагог өз кінәсін толық мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған. Іс барысында баланың мінез-құлқына қатысты қиындықтар болғаны, оның бұған дейін бірнеше рет үйден қашып кеткені де айтылды.

Сот тараптардың уәждерін, куәлардың айғақтарын және іс материалдарын зерделей келе, әйелді кінәлі деп танып, 100 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға жатады.

Сонымен қатар 2025 жылғы қарашада кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа білім бөлімі аталған анаға қатысты талап-арыз түсіргені белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, онда ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу мәселесі көтерілуі мүмкін. Алайда іс материалдары жарияланбағандықтан, нақты талаптар әзірге белгісіз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →