Астана қаласының Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен екі жеке клиниканың басшысына қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz
ҚМА мәліметінше, 2022 жылы Қор мен аталған клиникалар арасында медициналық қызметтер көрсетуге, оның ішінде жылжымалы медициналық пойыз қызметтерін қоса алғанда, 2,4 млрд теңгеге келісімшарттар жасалған. Тергеу дерегіне сәйкес, клиникалар басшысы ақпараттық жүйеге медициналық көмек алмаған адамдарды «пациент» ретінде тіркеп, жалған диагноздар мен көрсетілмеген қызметтерді енгізу арқылы алаяқтық схема ұйымдастырған.
Агенттік күн сайын 90–150 адамға дейін жалған тіркеу жүргізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде клиникалар Қор қаражатынан 682 млн теңгені заңсыз алған.
Сонымен қатар, 2024 жылғы қаңтарда осы соманың 364 млн теңгесі күдіктінің және оның жұбайының жеке шоттарына аударылғаны анықталған.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның мүлкіне – Испаниядағы қала сыртындағы үйіне, Астанадағы пәтеріне және автокөлігіне – тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.