×

Алматыда FlyArystan-ның қаржы жымқырды деп айыпталған бұрынғы қызметкерлеріне үкім шықты

Алматыда FlyArystan-ның қаржы жымқырды деп айыпталған бұрынғы қызметкерлеріне үкім шықты
flyarystan.com

Алматы қаласында FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты ақша жымқыру ісі бойынша сот үкімі шығарылды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сот Дәуір Еркінұлы, Еркін Исанов және Ренат Әбілхановқа қатысты қылмыстық істі қарады. Олар сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты иемдену және жымқыру, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру баптары бойынша айыпталған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Дәуір Еркінұлы мен Еркін Исанов менеджер қызметін атқара жүріп, ал Ренат Әбілханов департамент директоры бола отырып, 2019–2024 жылдар аралығында әуекомпания қаражатын заңсыз иемденген. Жымқырылған қаржыға күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған.

FlyArystan-дағы қаржылық заңбұзушылықтар 2024 жылдың желтоқсанында белгілі болып, содан кейін әуекомпания басшылығы тәуелсіз аудит жүргізу үшін арнайы компанияға жүгінген. Сот барысында айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ.

Сот үкімімен Еркін Исанов пен Ренат Әбілханов кінәлі деп танылып, әрқайсысына мүлкін тәркілеумен сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Дәуір Еркінұлы мүлкін тәркілеумен тоғыз жылға сотталды.

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушылардың қылмысты алғаш рет жасауы және әрқайсысының асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескерген.

Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын қанағаттандырып, келтірілген шығынды сотталғандардан ортақ тәртіппен өндіру туралы шешім қабылдады. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік шығынды өтеуге бағытталды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 9 қаңтарда әлеуметтік желілерде Ренат Әбілхановтың Air Astana мен FlyArystan басшылығына жақын тұлғаларға жеңілдетілген әуе билеттерін сату мүмкіндігі туралы жазысқан хаттары жарияланған. Осыдан кейін Бас көлік прокуратурасы әуекомпаниялардың қызметіне тексеру жүргізуді талап еткен.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →