Шымкент қаласында Нұрай Серікбайдың қаза болуына байланысты істі тергеу барысында полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қызметтік тексеріс жүргізіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Министрліктің мәліметінше, қоғамдық кеңістікте айтылған уәждер мен полиция тарапынан дер кезінде шара қолданылмауы мүмкін деген барлық жайттар тексеріледі. Осыған байланысты Шымкент қаласы полициясы қызметкерлерінің әрекетіне қатысты арнайы қызметтік тексеріс тағайындалған.
Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте, демалысқа келген кезінде үйінің маңында көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Қылмысты тергеу үшін тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы құрылған. Қылмыстық істің тергелу барысы министрліктің бақылауында.
Ведомство тергеу аясында барлық дерек жан-жақты тексеріліп жатқанын, оның ішінде бейнебақылау камераларындағы жазбалар да мұқият зерделеніп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін марқұмның күдіктімен таныс болғаны белгілі болды. Ол Нұрайға үйленуге ұсыныс жасап, бас тартқаннан кейін қызды еркінен тыс алып кеткен. Кейін ата-анасы қызын үйіне қайтарғанымен, күдікті оны аңдып, телефон арқылы қоқан-лоқы көрсеткен. Осыған байланысты қыздың ата-анасы полицияға арыз жазған, алайда сол кезде қылмыстық іс қозғалмағаны айтылған.
Қызметтік тексеріс нәтижесіне қарай тиісті құқықтық баға беріліп, шешім қабылданатыны хабарланды.
Еске сала кетсек, Qaz365.kz редакциясы марқұмның ағасынан сұхбат алған болатын. Толығырақ материалымыздан оқи аласыздар.