×

Нұрай Серікбайдың өлімі: Шымкент полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды

Нұрай Серікбайдың өлімі: Шымкент полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды
Шымкент ПД

Нұрай Серікбайдың қаза табуына байланысты жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомство мәліметінше, 11 қаңтарда Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан көз жұмған. Оқиғаға дейін күдіктінің марқұмды қорқытып, аңдығаны белгілі болған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс дер кезінде қозғалмаған.

16 қаңтарда ІІМ Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеген. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының әрекетіне тексеру жүргізуді тапсырған болатын.

Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тәртіптік шаралар қабылданды. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, бірнеше лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан шығарылды.

ІІМ кез келген заңдылықтың бұзылуына жол берген фактілерге, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне қатысты ұстанымы қатаң екенін атап өтті.

Ресми деректерге сәйкес, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы қызметін Нұрлан Алмасбеков, ал оның бірінші орынбасары лауазымын Құрманбек Сахов атқарған.

Сонымен қатар ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның туыстарының арызын тиісінше қарамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →