Қазақстанда медициналық бұйымдарды отандық өнім ретінде көрсетіп, заңсыз пайда тапқан схема әшкереленді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Комитеттің мәліметінше, OrdaMed акционерлік қоғамының басшылығы ел аумағында өз өндірісі бар деген жалған құжаттар әзірлеген. Соның негізінде компания мемлекеттік медициналық мекемелерге 28 түрлі медициналық жабдықты жеңілдікпен жеткізу кезінде заңсыз преференциялар алған.
Алайда тергеу барысында аталған жабдықтардың іс жүзінде шетелден дайын күйінде әкелінгені анықталған. Нәтижесінде мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Тінту жұмыстары кезінде компания басшылығынан жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сонымен қатар Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы үлестерге тыйым салынды.
Сот санкциясымен OrdaMed компаниясының техникалық директоры, басқарма төрағасының бұрынғы төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.