Алматы облысында Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаев қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде аталған лауазымды тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тарапынан ұсталғаны жөнінде мәлімет тараған. Жарияланымдарда күдіктінің пара алды деген күдікке ілінгені айтылып, болжамды сомалар әртүрлі көрсетілді. Кейбір дереккөздерде 28 миллион теңге делінсе, енді бірінде 323 миллион теңгеге дейін барған.
ҰҚК бұл мәліметтерге қатысты «сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» деп қысқа ғана түсініктеме беріп, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын атап өтті.
Ал Іле ауданы әкімдігі Қуат Ақшабаевтың ұсталғанға дейін өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазғанын хабарлады.
«16 қаңтарда ол Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Қазіргі таңда бұл лауазымды атқармайды», – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Әкімдікте аталған жағдайдың құқық қорғау органдарының құзыретіне жататыны да атап өтілді.
Қуат Ақшабаев Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылғы қаңтар айында тағайындалған. Бұған дейін Есік қаласы әкімінің орынбасары, Рахат ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.