«OrdaMed» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Еркін Ділімбетовке ресми түрде іздеу жарияланды. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталында жарияланған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іздеу ісі 28 қаңтар күні Астана қаласында тіркелген. Істі бастауға Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы болған. Қазіргі уақытта Ділімбетовті ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі іздестіріп жатыр.
Бұған дейін ҰҚК «OrdaMed» компаниясы басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Арнайы қызметтің дерегінше, компания Қазақстанда өз өндірісі бар деген жалған мәліметтерді пайдаланып, мемлекеттік медициналық ұйымдарға 28 түрлі медициналық жабдықты жеңілдетілген шарттармен жеткізу кезінде заңсыз артықшылықтарға ие болған. Ал шын мәнінде дайын өнім шетелден әкелінгені айтылды. Мемлекетке келтірілген залал 4,5 млрд теңгеге бағаланған.
Бұл іс бойынша соттың санкциясымен компанияның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынған.
Ал OrdaMed компаниясы ҰҚК келтірген айыптауларды жоққа шығарып отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, жеткізілген барлық медициналық жабдық зауытта өндірілген, пайдалануға берілген және еліміздің әр өңіріндегі медицина мекемелерінде қолданылып жатыр. Еркін Ділімбетов бұл мәселе өнімнің жалғандығына емес, өткен жылдардағы өндірісті жергіліктендіру мен құжаттарды рәсімдеуге қатысты құқықтық түсіндірулерге байланысты екенін мәлімдеген.
Компания қызметін қалыпты режимде жалғастырып жатқанын және іскерлік беделін қорғау мақсатында өз ұстанымын заң аясында қорғауға ниетті екенін хабарлады.