×

Қазақстанда көлік нөмірін қандай жағдайда алып қоюы мүмкін және оны қалай қайтаруға болады

Қазақстанда көлік нөмірін қандай жағдайда алып қоюы мүмкін және оны қалай қайтаруға болады
kolesa.kz

Көлігіңізді бірнеше минутқа қалдырып кетіп, қайта келгенде мемлекеттік нөмірдің жоқ екенін байқасаңыз, бұл үлкен әурешіліктің басы болуы мүмкін. Көлік нөмірін полиция қай кезде заңды түрде шешіп ала алады, ал қай кезде олардың әрекеті заңсыз? Qaz365.kz тілшісі kolesa.kz мәліметіне сүйене отырып, маңызды ережелерді түсіндіреді.

Нөмірдің нақты иесі кім?

Ең алдымен, мынаны түсіну маңызды: мемлекеттік тіркеу нөмірлері – мемлекеттің меншігі. Сіз тіпті «әдемі» немесе қымбат нөмір үшін қомақты ақша төлесеңіз де, ол бәрібір мемлекет меншігі болып қала береді. Автокөлік иесі тек нөмірді пайдалану құқығы үшін мемлекеттік алым төлейді. Сондықтан ереже бұзылған жағдайда, полицияның оны тәркілеуге толық құқығы бар.

Тәркілеудің заңды тәртібі

Полиция қызметкерлері нөмірді жасырын түрде «бұрап алып, кетіп қалуға» құқылы емес. Әкімшілік кодекстің 795-бабына сәйкес:

  1. Нөмірді тәркілеу тек екі куәгердің немесе көлік иесінің қатысуымен жүруі тиіс.

  2. Лауазымды тұлға тәркілеу себебін түсіндіруге міндетті.

  3. Тәркілеу туралы хаттама толтырылып, оған куәгерлер немесе иесі қол қоюы керек.

Маңызды: Кодексте айыппұлды өндіріп алу үшін ғана нөмірді тартып алуға тыйым салынған.

Қандай бұзушылықтар үшін нөмірсіз қалуға болады?

Әкімшілік кодекстің 797-бабында нөмірді тәркілеуге негіз болатын 12 жағдай көрсетілген:

  • Техникалық ақаулар: терезедегі сызаттар, жарық шамдарының істен шығуы, тежегіш немесе рульдік басқару жүйесінің бұзылуы.

  • Экология және шу: экологиялық нормаларды қайталап бұзу немесе шу деңгейінің шектен тыс жоғары болуы.

  • Заңсыз қайта жабдықтау: рұқсатсыз көліктің конструкциясын өзгерту.

  • Тұрақ ережесін бұзу: жаяу жүргіншілер жолында, гүлзарларда немесе балалар алаңшасында көлік қалдыру.

  • жол-көлік оқиғасына қатысу немесе апат орнын тастап кету.

Мұндай жағдайда айыппұл көлемі 5 АЕК-тен 100 АЭК-ке дейін, кейде жүргізуші куәлігінен айыру немесе әкімшілік қамау түрінде де қолданылуы мүмкін.

Нөмірді қалай қайтаруға болады?

Мемлекеттік нөмір тек тәркілеуге себеп болған жағдай жойылғаннан кейін ғана қайтарылады:

  • Егер себеп техникалық ақау болса, көлікті жөндеу керек;

  • Заңсыз тюнинг болса, көлікті зауыттық қалпына келтіру қажет;

  • Айыппұл салынған болса, оны төлеу міндетті.

Ескерту: Мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізуге тыйым салынған. Бұл үшін 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондықтан көлікті жөндеуге немесе тексеруге тек эвакуатормен апаруға тура келеді.

Егер нөміріңіз заңды түрде алынса, полиция оны қайдан алуға болатынын (әдетте аудандық әкімшілік практика бөлімі) айтуға міндетті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →