Халықаралық Семей әуежайы сот шешімімен 8,8 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Агенттіктің өңірлік департаменті кәсіпорынды үстем жағдайын теріс пайдаланды деп таныған. Атап айтқанда, әуежай бөлшек саудада авиаотынға монополиялық түрде жоғары баға белгілеген.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот ЖШС-ті кінәлі деп тауып, 8,8 миллион теңге әкімшілік айыппұл салды. Сонымен қатар 8,5 миллион теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот қаулысы заңды күшіне енген.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі заң бұзушылықты тоқтату жөнінде нұсқама берген. Агенттік мәліметінше, кәсіпорын бұл талапты толық орындаған.