Сот жеңілдететін мән-жай таппағанын атап өтті.
Павлодарда жоғары лауазымды заңгерге қатысты сот шешімі шықты. Облыстық жеке сот орындаушылары палатасының жетекшісі Дәурен Исабеков көлікті мас күйінде жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға биыл 21 ақпанға қараған түні болған. Таңғы сағат 04:35 шамасында ол Hyundai Santa Fe көлігімен Павлодар қаласындағы Ломов көшесі, 154-үйдің маңында келе жатқанда полиция қызметкерлері тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізуші медициналық куәландыруға жіберілді. №1683 қорытындыға сәйкес, оның орташа дәрежеде масаң күйде болғаны анықталған. Сараптама жүргізушіні тоқтатқаннан кейін бірден жасалған, сондықтан сот оны заңды әрі дәлел ретінде жарамды деп таныды.
Сот отырысында Исабеков кінәсін толық мойындады. Өз сөзінде ол көп мөлшерде қымыз ішкенін, содан кейін рөлге отырғанын айтты. Істе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, көлікті басқарудан шеттету құжаты, сараптамаға жолдау материалдары, көлікті уақытша алу хаттамасы, бейнежазба және өзге де айғақтар қаралған.
Сот оның әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша саралады. Бұл бап мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартуды көздейді. 15 тәулік әкімшілік қамау және жеті жылға жүргізуші құқығынан айыру жазасы тағайындалады.
Қаулыға сәйкес, жаза 21 ақпан күні сағат 04:45-тен, яғни әкімшілік ұсталған сәттен бастап есептеледі. Көлік иесіне қайтарылған.