Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Келес ауданының тұрғынына қатысты үкім шықты. 70 жастағы ер адам 15 жастағы мектеп оқушысын зорлап, оның жүкті болуына себепкер болғаны үшін кінәлі деп танылды. Судья Дәурен Мадалиевтің шешімімен ол 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол Қылмыстық кодекстің «Зорлау» және «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу» баптары бойынша айыпталған.
Сотталушы өз кінәсін мойындамай, қылмысқа қатысы жоғын айтқанымен, сараптама нәтижелері мен жәбірленушінің айғақтары оның айыбын толық дәлелдеді. Зейнеткер жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, ол өмір бойы балалармен жұмыс істеу және педагогикалық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, Келес ауданында тұратын оқушының жүктілігі 7-айда ғана белгілі болған. Бұған дейін ол көршісі әрі туысы болып келетін зейнеткерден зорлық көргенін жасырып келген. Ауыл тұрғындары бұл қылмыстан соң сотталушының жанұясын ауылдан көшіруді талап еткен болатын.