Қазақстанда жарияланған әкімшілік амнистия аясында жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы сәрсенбі күні өткен Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта уәкілетті орган айыппұлдары кешірілетін азаматтардың санаттарын, қарыз көлемі мен есептен шығару тәртібін егжей-тегжейлі әзірлеп жатыр. Амнистия азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жеңіл қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты қолданылмақ. Бұл шара ел тарихындағы тұңғыш әкімшілік амнистия болмақ.
Дегенмен Ержан Саденов амнистияға ілікпейтін санаттарды да нақтылады. Оның ішінде террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағандар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы әрекет еткендер және азаптау дерегі бойынша сотталғандар бар. Сондай-ақ рецидивистер мен іздеуде жүрген адамдарға кешірім жасалмайды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке осы сессияның соңына дейін қосымша амнистия туралы заң қабылдауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы 2025 жылы қылмыстық амнистия өткенін еске салып, бұл жолғы шараны қоғамда гуманистік құндылықтарды орнықтырудың маңызды қадамы деп атады.