Желі қолданушысының үстінен діни араздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс қозғалды
Әлеуметтік желіде Наурыз мерекесін «қазақтың мейрамы емес» деген Ербол Рүстемұлының үстінен діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz
Бұған дейін Ербол Рүстемұлының бейнежазбасы желі қолданушыларының наразылығын туғызған еді. Полиция оның қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
«Жедел іс-шаралар барысында 1991 жылы туған К. есімді азамат анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп жауап берді ІІМ.
Желі қолданушылары оны Наурыз мерекесін қазаққа «жат» дегені үшін сөккен еді.
«Одан да Айтты сөйтіп тойламадыңдар ма? Киіз үйді, қазан-ошақты Айт кезінде көтеру керек еді. Отқа, күнге табынатындардың мейрамы қазаққа жат. Наурыз деген сөздің өзі қазақтың сөзі емес. Иманы кәміл, діни сенімі мықты адамдар бұл мерекені тойламайды», — деген еді Ербол Рүстемұлы.
Кейбір сайттарда дәл осы уағыз айтатын Ербол Рүстемұлының басқа бір діншілмен пікірталасқа түскен бейнежазбасы бар. Сол жерде сәләфи деп көрсетілген. Сондай-ақ Ербол Рүстемұлының Tik-tok желісінде парақшалары және Youtube-та арнасы бар. Ол түрлі жағдайларға байланысты уағыздарды жариялап отырады.