Азаматтарды негізсіз тұрғын үйден шығарудан қорғау Конституция деңгейінде қамтамасыз етіледі
Жоғарғы Сот Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Асламбек Мерғалиевтің жаңа Конституцияның 28-бабының тұрғын үйден тек сот шешімі негізінде ғана шығару туралы ережелеріне қатысты түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоғарғы Сот Төрағасы Негізгі заңның қабылданған нормасын қате немесе әртүрлі түсіндірудің алдын алу мақсатында төмендегі түсіндірмені жариялауды қажет деп санайтынын жеткізді.
Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, жаңа норма азаматтарды негізсіз тұрғын үйден шығарудан қорғауды ең жоғары заңнамалық деңгейде – Конституция деңгейінде қамтамасыз ету үшін енгізілді.
“Жаңа Конституцияның 28-бабы тұрғын үй иелерінің құқықтарын қорғауды бекітеді. Қабылданған жаңа норма жылжымайтын мүліктің заңды иелерінің құқықтарын абсолютті басымдыққа қоя отырып, оларды заңды күшіне енген сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруына немесе тұрғын үйінен айыруға тыйым салады. Жаңа норма азаматтарды негізсіз тұрғын үйден шығарудан қорғауды ең жоғары заңнамалық деңгейде – Конституция деңгейінде қамтамасыз ету үшін енгізілді.Бұл жаңа практика емес. Бұған дейін де заңнамада негізсіз тұрғын үйден шығаруға тікелей тыйым салынған болатын. Ұқсас нормалар көп жылдан бері Азаматтық кодексте (188-бап) және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда (8-бап) бекітілген. Кез келген мәжбүрлеп тұрғын үйден шығару немесе тұрғын үйден айыру (мысалы, мемлекеттік қажеттіліктер үшін алып қою, кепілге салынған мүлікке өндіріп алу, жалдау шарты) сот тәртібімен жүзеге асырылады”, – деді ол.
Сот не істейді?
Сот статистикасына сәйкес, 2025 жылы қаралған 2,7 мың істің тек 6%-ы немесе 160 іс пәтер жалдаушыларға қатысты болған. Әдетте жалға алушыларды шығару туралы даулар сирек жағдайда сотқа дейін жетеді, өйткені шарт талаптары сақталған кезде, әдетте, жанжал туындамайды. Өз кезегінде, меншік иелері шарт талаптарын адал орындайтын жалға алушыларды шығару мәселесін көтермейді.
“Жалға алушы шарт талаптарын бұзған жағдайда, сот оны тұрғын үйден шығару туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ меншік иесінің келтірілген шығындарды, соның ішінде заңгерлік шығындарды өтеу туралы талаптарын қанағаттандырады. Сондықтан жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін құқықтық белгісіздік туындайды деп күтілмейді. Құқықтарды қорғаудағы негізгі мәселелер тараптар арасында шарт болмаған жағдайларда туындайды. Мұндай кезде меншік иесіне де, тұрғынға да өз талаптарын дәлелдеу қиынға соғады. Аталған норманы Конституцияға енгізу, ең алдымен, жылжымайтын мүлік иелерінің құқықтарын қорғауды күшейтуге, мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұрғын үй нарығындағы тәртіпті арттыруға, соның ішінде шарттық қатынастардың тұрақтылығын сақтауға бағытталған”, – деп атап көрсетті Асламбек Мерғалиев.