Алматы қаласында өткен «Тоқта-бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы екі күнінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегін тіркеді. Рейд нәтижесінде 2 000-нан астам көлік, соның ішінде шетелдік тіркеудегі машиналар арнайы айыппұл тұрақтарына жеткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, анықталған заң бұзушылықтардың арасында ең қауіпті деректер бар. Атап айтқанда, 44 адам көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарса, 8 жүргізуші бұрын құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған. Сондай-ақ 8 көліктен жалған мемлекеттік нөмірлер табылып, 15 жүргізуші жолдың қарсы бетіне шығып кеткен.
Қазіргі уақытта Алматы полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тәртіпті нығайту үшін басқа өңірлерден қосымша күштер тартылып, қаланың негізгі магистральдарында арнайы фильтрациялық бекеттер ұйымдастырылған. Полиция департаменті бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын хабарлады.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға және жолда абай болуға шақырады. Тексеріс шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.