Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді кассациялық сот қайта қарайды. Бұл туралы Informburo.kz порталының сауалына берген жауабында Кассациялық соттар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот өндірісінде жатыр. Қорғаушылардың шағымы негізінде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан Бақытжан Байжанов пен Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс алдырылған. Сот актілері тек Байжановқа қатысты қайта қарауға жатады. Айта кетерлігі, сотталған Қуандық Бишімбаев пен оның адвокаттарынан кассациялық шағым түспеген.
Сот отырысы 14 мамырға белгіленді. Кассациялық сатыда істі кемінде үш судьядан тұратын алқа қарайды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусым айының соңында Байжановқа қатысты үкім күшіне енген болатын. Ол аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 2024 жылдың қыркүйегінде Байжанов кассациялық өтініш беріп, кейін оны қайтарып алған болатын. Алайда адвокаты оның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтқан.
Соңғы мәліметтер бойынша, 2025 жылдың шілдесінде Степногорск соты амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Ол уақытқа дейін ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген. Алдын ала болжам бойынша, Байжанов 2026 жылдың қарашасында бостандыққа шығуы тиіс еді. Енді кассациялық соттың шешімі бұл мерзімге тағы да өзгеріс енгізуі мүмкін.