Бұл туралы Өскемен қаласы прокуратурасының прокуроры Тоғжан Әділбек мәлімдеме жасады
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарды алты жылға бас бостандығынан айыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті — құны 13 млн теңге болатын 2021 жылғы Toyota Camry автокөлігін тәркілеу туралы үкім шығарғаны туралы жаңалықтан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқылау басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ұсталған кезде Омардан 5,6 млн теңге тәркіленген. Жалпы ол қалалық әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге сұраған, алайда оған тек 6 млн теңге берілген. Бұл ретте аталған қызметкер алдын ала ҰҚК-ге жүгінген.
Сот барысында Жақсылық Омар бостандығынан айырылмау үшін қарызға батып болса да айыппұл төлеуге дайын екенін айтқан. Осыған байланысты қоғамда орынды сұрақтар туындады: расында да, қылмыстық жолмен табылған мүлкі тек Toyota Camry ғана ма? Оның Өскемен қаласының әкімі, кейін облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған кезеңінде айтарлықтай капитал жинауы мүмкін екені айтылуда. Сондықтан мұндай көлемдегі айыппұлды төлеу оған аса қиын болмауы ықтимал. Дегенмен, бір мәселеде көпшілік пікірі тоғысты: жұрттың көбі Омар жазасын толық өтемей, бірнеше жылдан кейін амнистия арқылы босап шығуы мүмкін деп есептейді.
Осыған қатысты бүгін Өскемен қаласы прокуратурасының прокуроры, сотта мемлекеттік айыптаушы болған Тоғжан Әділбек мәлімдеме жасады. Ол соттан айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындауды сұраған, ал сот бұл талаппен келіскен.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға амнистия актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды», – деді ол.