Семей гарнизонының әскери соты Абай облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың өліміне кінәлі деп танылған дәрігерді амнистия бойынша жазадан босатты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengrinews-ке сілтеме жасап.
Аягөз әскери госпиталінің емхана бөлімінің бастығына қатысты шыққан бастапқы үкім – екі жылға бостандығынан айыру жазасы күшін жойды.
Сотталушы «Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айыпты деп танылған болатын. Алайда сот 38 жастағы дәрігердің асырауында үш баласы барын және қылмыстың ауырлығы төмен санатқа жататынын ескеріп, оған амнистия заңын қолданды. Сонымен қатар, ол медициналық қызметпен айналысу құқығынан да айырылмайтын болды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған. Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған 20 жастағы сарбаз қызуы көтеріліп, госпитальге түскен кезде дәрігер оған «назофарингит» диагнозын қойған. Алайда үш күннен соң жауынгер аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Сараптама қорытындысы бойынша, өлімге екі жақты іріңді отиттен асқынған іріңді менингит себеп болған. Мамандардың пікірінше, диагноз уақытында дұрыс қойылғанда жас жігітті аман алып қалуға мүмкіндік бар еді.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталған дәрігерден моральдық және материалдық шығын ретінде 12 миллион теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарды. Марқұмның ата-анасы баласының әскерге кетер алдында толық медициналық тексеруден өтпегенін және әскери комиссариат тарапынан қысым болғанын айтып шағымданды.