Оның үстінен 20 қызметкер арыз жазған
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты қызметкерлердің арызы негізінде тексеру бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі уақытта тиісті материалдар тіркеліп, мамандар оқиғаның барлық мән-жайын зерделеу үстінде.
Бұл тексеруге блогер Дастан Қабылбеков таратқан ақпарат себеп болған. Блогердің айтуынша, полиция полковнигіне қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әдепсіз мінез-құлық көрсетті деген айыптар тағылып отыр. Мәлімдемеде арызға комитеттің 20-ға жуық қызметкері қол қойғаны айтылған. ІІМ бұл фактілерді тексеріп, құқықтық баға берілетінін нақтылады.
Данияр Мейірхан ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет етеді және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетін 2025 жылдың қыркүйегінен бастап басқарып келеді. Ол бұған дейін де бірнеше рет даулы оқиғалардың ортасында қалып, «өзінше билік ету» және «алаяқтық» күдіктері бойынша жауапкершілікке тартылған болатын.
Қазіргі уақытта комитет төрағасының қызметін жалғастыру-жалғастырмауы тексеру нәтижесіне байланысты болмақ.