Қазақстанда көлік тізгінінде телефон пайдаланғаны үшін айыппұл салу критерийлері заман талабына сай емес. Сарапшылар мен заңгерлер Әкімшілік кодекстегі бұл норманы ескірген деп санап, оған нақты түзетулер енгізуді талап етуде, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «31 арнаға» сілтеме жасап.
Заңгер Сайкен Айсиннің айтуынша, қолданыстағы норма осыдан 18 жыл бұрын, ұялы телефондар тек сөйлесу мен СМС жазуға арналған «батырмалы» (кнопочный) юолған кезеңде қабылданған. Бүгінде смартфондар навигация, такси және курьерлік қызметтер үшін таптырмас құралға айналған. Мамандар заңдағы «телефон пайдалану» ұғымының бұлдырлығы полиция тарапынан ережені өз бетінше талқылауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол ашатынын алға тартуда. Мысалы, полицейлердің көлік айдап бара жатып рация қолдануы да осы норма тұрғысынан қайшылық тудырады.
Автосарапшы Алексей Алексеев заңда телефонды қандай жағдайда қолдануға болатынын нақты жазу қажеттігін айтады. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі телефонды қолда ұстамауды және құлаққа тақамауды талап етеді. Смартфонды арнайы ұстағышқа (держатель) қоюға рұқсат берілгенімен, қозғалыс кезінде онымен кез келген әрекет жасауға тыйым салынған. Алайда, бұл түсіндірмелер сотта айыппұлды даулау кезінде нақты құқықтық негіз бола алмай отыр.
Еске сала кетсек, 12 наурыздан бастап Қазақстанда жүргізушілердің телефонмен сөйлесуі мен қауіпсіздік белдігін тақпауын автоматты камералар тіркей бастады. Бұл жаңалықтан соң әлеуметтік желілерде айыппұлдан жалтарудың түрлі «қулықтары» тарағанымен, мамандар мұндай әрекеттердің жүргізуші назарын аударып, қауіпті екенін ескертеді.