Депутат осы заң бойынша дұрыс практика қалыптаспаса, азаматтардың құқығын қорғауға дайын екенін айтты
Қазақстанда көлік жүргізгенде телефон ұстағаны үшін жүргізушілерді жауапкершілікке тарту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан бұл салада қалыптасып жатқан жаза қолдану тәжірибесі Парламенттің жіті назарында болатынын мәлімдеді. Егер соттар мен құқық қорғау органдарының жұмысында қателіктер анықталса, депутат заңнамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Абзал Құспан рөлде телефон қолдануға тыйым салатын норманың жаңадан енгізілмегенін тілге тиек етті. Алайда қазір осы талапты қолдану тәжірибесі өзгеріп келеді. Депутат заңнамалық бастамаларға кіріспес бұрын қазіргі жағдайды жан-жақты саралау қажет екенін атап өтті.
«Тәжірибені ескеру керек. Бұл жерде Әкімшілік Кодекске өзгеріс енбегеніне назар аудары керек. Келе жатып телефонмен сөйлесуге болмайды. Бұл бұрыннан бар. Камераға түсіп қалса, айыппұл салынады. Қазір осыған байланысты тәжірибе өзгерейін деп жатыр. Бұның практикасын зерттеу керек. Егер ІІМ және сот органдарынан дұрыс практика қалыптаспайтын болса, біз зерттеп-зерделеп көреміз. Егер шыныменде қате сот практикасы қалыптасатын болса, тиісті реакция білдіреміз», – деді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Мәжілісмен бұл тәжірибе қате бағытта кеткен жағдайда депутаттардың заңнамаға жедел араласқан кездері болғанын екенін еске салды. Мысал ретінде ол Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша жүргізілген жұмыстарды және есірткіге қарсы заңнамаға енгізілген түзетулерді атап өтті.
«Егер шыныменде қате сот практикасы қалыптасатын болса, тиісті реакция білдіреміз. Мұндай жағдай біздің тәжірибемізде болды. 339-бап бойынша сот процессі дұрыс емес деп мәселе көтердік. Есірткі заңдарына қатысты, соған тиісті өзгеріс енгіздік. Қажет болатын болса, біз Әкімшілік Кодекске тиісті өзгеріс енгіземіз. Бірақ алдымен сот актілері бойынша шыққан арыз-шағымдарды зерттеп-зерделеп алуымыз қажет. Ол бұрыннн бар заң, рөлде телефон қарап, әлеуметтік желіге кіру өзінің ғана емес жанындағы адамдардың да өміріне зиян келтіретін нәрсе», – деді Абзал Құспан.
Еске сала кетсек, бұған дейін сарапшылар мен заңгерлер Әкімшілік Кодекстегі бұл норманы ескірген деп санап, оған нақты түзетулер енгізуді талап еткен еді.