Айкөл Аликжанова өзінің Instagram парақшасында заңды некеде болғанын және олардың ортақ бір қызы бар екенін жазды
Қырғызстандық модель әрі мұсылман әйелдерге арналған киімдердің дизайнері Айкөл Аликжанова қазақстандық қылмыс әлемінде «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевпен ажырасқанын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айкөл Аликжанованың сөзінше, ажырасу туралы шешімді Арман Жұмагелдиевтің өзі қабылдаған.
«Соңғы уақытта БАҚ-та мен туралы ақпараттар белсенді түрде тарай бастағандықтан, мына жайттарды нақтылап айтқым келеді. Біз Арман екеуміз заңды некеде тұрдық. Үлкен махаббатпен қосылып, енді оның өз шешімі бойынша ажырасып жатырмыз. Мен оны күтуге де, қолдауға да дайын едім. Бірақ Алланың жазуы басқа болды. Біздің бір қызымыз бар. Ол – Арманның жалғыз баласы. Оған дейін оның ресми некесі де, балалары да болмаған. Арамызда ешқандай өкпе-реніш жоқ. Біз – ата-анамыз. Қазір маған оңай емес, бұл айырылысу маған ауыр тиді. Сіздер білуге тиіс жалғыз ақпарат осы. Қалғаны – жеке өмірім. Барлық жайтты жария етіп, бүге-шігесіне дейін айтқым келмейді. Өсек-аяңды тоқтатуды сұраймын. Ешкім алдында күтіп тұрған тағдырдан қаша алмайды», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Айкөл Аликжанова – «Қырғызстан аруы – 2014» байқауының жеңімпазы. Ол 2016 жылы хиджаб киіп, кейін мұсылман әйелдеріне арналған киімдердің дизайнымен айналыса бастаған. Оның Арман Жұмагелдиевтің жұбайы екені 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде, Арман ұсталғаннан кейін ғана көпшілікке белгілі болған еді.
Еске салсақ, 2025 жылдың 27 қаңтарында сот үкімімен Арман Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және адам ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған.