Халық банкроттықты несиелік рақымшылықпен шатастырып жатыр - Қаржы вице-министрі

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, банкроттық өтініштің 70%-ы кері қайтарылған

ашық дереккөзден

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттыққа өтініш беріп жатқан адамдардың басым көпшілігінің өтініші неге қанағаттандырылмай жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның сөзінше, бүгінге дейін Қазақстанда 49 мың адам банкроттық өтініш берген. Алайда 32 мың адамның өтініші кері қайтарылған. 6 мың адамның өтініші жұмысқа алынды. Олар жарты жыл ішінде банкрот деп танылады.
Біржановтың айтуынша, көп адам банкроттықтың ережелерін түсіне бермейді.

«Біз өтініш бергендердің 70 пайызының өтінішін кері қайтардық. Себебі бізде Скоринг жүйесі бар. Ол бойынша біз өтініш берген адамдарды жіті тексереміз. Негізі 5,5 млн теңгеге, яғни 1600 АЕК-ке дейін қарызы бар адамдар ғана банкроттыққа өзін ұсына алады. Кейбір азаматтардың 3-4 несиесін қосқанда қарызы 10 млн теңгеден асып кетіп жатады. Кейбір азаматтар 1-2 екі несиесі болғанымен, ипотекалық несиесін төлеп жатыр. Ал бізде заңнамада 12 ай бойы қарызын төлей алмаған адамның ғана өтініші қаралады», –  дейді ол.

Біржановтың сөзінше, қазір адамдар банкроттықты несиелік рақымшылықпен шатастырады.

«Біз халыққа мұның салдары барын түсіндіріп жатырмыз. Ертең несие ала алмайсыздар. Халық арасында ұзынқұлақ бар ғой. «Біз бердік, сіздер неге отырсыздар?» деген әңгіме тарайды. «Ертең несиемізді кешіреді екен» дейді кейбірі. Алаяқтар да бар. Блогерлер де қосылып жатыр. Әлеуметтік желілерде де сұрақ көп. Біз жүйе арқылы кімнің банкрот бола алатынын біле аламыз. Сондықтан, өтініштер кері қайтарылуда», - дейді ол.