255 мың теңгеден асатын мобильді аударымдар тексеріске негіз болуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Министр кәсіпкерлік кодекстің негізгі шартын еске салды

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мобильді аударымдарға салық салу шарттары қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Салықшылар үш айдың ішінде 100 және одан көп адамнан жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан (255 мың теңгеден) асатын ақшаны мобильді аударым арқылы алған адамды тексере бастайды.

Сондай-ақ министр кәсіпкерлік кодекстің негізгі шартын еске салды. Оған сәйкес, бір жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан асатын, яғни шамамен 1 миллион теңгені құрайтын адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

«2023 жылдың 11 айында азаматтардың төлем карточкаларын пайдаланатын аударымдарының көлемі 24,2% өсіп, 72,3 трлн теңге болды. Жалпы 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында халық төлем карточкаларын пайдалана отырып, тауарлар мен қызметтерге 2,9 млрд төлем жасады. 48,5 трлн теңге болды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 2 есе жоғары», – деді министр.

Оның айтуынша, 2023 жылы бөлшек сауда айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы үлесі 86% болған. Жалпы тұрғындардың QR төлемдерін белсенді қолдануы байқалады. 2023 жылдың сәуір-қазан айларында QR көмегімен 1,2 млрд транзакция жасалды.

Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің саны төрт есеге өсіп, 2023 жылы 11 айдың ішінде 127,4 трлн теңге болды.