«Құрмет» орденінен бас тартқан Әли Оқапов жаңа марапатқа ие болды

Qaz365.kz редакциясы

Әншіге жаңа марапат табысталды

Видеодан скриншот

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлы, әнші Әли Оқаповқа жаңа марапат табысталды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Әзіл-қалжыңға негізделген «Қызық премия» кешінде жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек «Камбэк-2023» номинациясын табыстады. Себебі, өткен жылдың күзінде әнші желідегі хейттен кейін «Құрмет» орденінен бас тартатынын айтқан болатын.

«Әли, сен еліміздегі кез келген наградаға лайықты жансың. «Камбэк-2023» номинациясын табыстағалы тұрмыз. Бірақ бұл қайтып келмесін. Қайда жүрсек те, өзіміздің қазақ балаларын қолдайық», – деді жүргізушілер.

Кейіннен әншінің өзі әлеуметтік желіде ұйымдастырушыларға алғыс айтуды ұмытпады.

«Қызық премия 2023! Рақмет сіздерге! Осындай қолдау мен үшін өте ыстық. Кезінде қатар бастап келе жатқан достарымыздың енді мұндай деңгейге көтерілгеніне қуаныштымыз. Өмірімдегі ең қиын сәттердің бірі осындай көңілді әрі жылы нүктемен біткені күткен де, күтпеген де жағдай болды. Түсінгендер түсінер. Жаңа әнімнің тұсауын кестім, қошеметке ие болдым, бақыттымын, қысқасы», – деп жазды Әли Оқапов.

Еске салайық, Республика күніне орай әнші Әли Оқаповқа «Құрмет» ордені табысталған еді. Көпшілік оның бұл орденге лайықты емес екенін айтып, хейт көбейді. Мұндай сынға шыдамаған Әли Оқапов мемлекеттік награданы қайтарып беруге дайын екенін жеткізген. Бірақ заң жүзінде ол мүмкін емес болып шықты.