×

Әнші Әли Оқапов желідегі жазбалардан кейін «Құрмет» орденінен бас тартпақшы

Әнші Әли Оқапов барлық марапатынан бас тартпақшы

Әнші Әли Оқапов желідегі жазбалардан кейін «Құрмет» орденінен бас тартпақшы
Коллаж: Qaz365.kz

Қазақстандық әнші, музыкант Әли Оқапов «Құрмет» орденімен марапатталғаннан кейін желі қолданушыларының наразылығына тап болды. Әнші оқырмандары мен кері пікір жазғандарға арнап бейне үндеу жолдауды жөн санады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әнші видеоны 27 қазанда өзінің Instagram парақшасында жариялады.

«Соңғы кездері қызу талқыланып жатқан нәрселерді байқамағандай кейіп таныта алмаймын. Осы видео арқылы мен 32 жылда алған барлық музыкалық телеарналардың премиясынан, радиолар, қоғамдық ұйымдар, жеке жобалар, жалпы барлық марапаттарымнан бас тартуды шештім. Мұны баяғыдан-ақ істегім келген. Себебі менің балама жеке бөлмесі керек, ал енді әлгі ауыр темірлерді  алып тастауға болады.

Мемлекеттік марапаттарға қатысты: наградаларда Қазақстанның мемлекеттік символикасы бар. Марапаттарды қайтару туралы заңды оқыдым, бірақ ештеңе таппадым. Ондай норма жоқ. Меніңше, олай ешкім де істемеген. Сондықтан ол наградаларға қатысты құзырлы органдардың шешімін күтемін. Қандай шешім шықса, солай істеймін. Яғни менен талап етілетін нәрсенің бәрін істеуге дайынмын», – деді әнші.

Ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді.

«Марапат беруге атсалысқан адамдарға алғыс айтамын. Мен ештеңе сұраған жоқпын, мен тіпті білмедім. Маған ертең марапаттауға келуім керегі жайлы түнде хабарлады. Марапаттауға келген кезде де не күтіп тұрғанын білмедім. (...) Жалпы әртіс үшін халықтың қошеметінен жоғары марапат жоқ деп ойлаймын. Мен бақытты адаммын. Менің отбасым, музыкам, тыңдарманым бар.

Мен ең үлкен марапатымды 17 ақпанда – әке атанған кезімде алдым. Сол атқа лайық болуға тырысамын. Жалпы егер біреуді ренжіткен болсам, кешірім сұраймын. Бұлай болғанын қаламадым», – деді әнші.

Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Әли Оқапов «Құрмет» орденінің иегері атанған еді.

«Бүгін «Құрмет» орденінің иегері атандым! Күтпеген жағдай болды, шынымен. Көп рақмет! Осы атаққа лайық еңбек етуге, артылған сенімді ақтауға барымды саламын. Құттықтауларыңызға рақмет! Басымды иемін!» – деп жазған еді әнші Instagram парақшасында. 

Алайда желі қолданушыларының басым көпшілігі Әли Оқаповты «Құрмет» орденіне лайық деп санамайтынын жазған.

«Не үшін? Роза Рымбаеваның баласы болғаны үшін бе?», «Ордендердің де қадірі қалмады-ау», «Қандай еңбегі үшін?» – деп жазған болатын желі қолданушылары.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →