Қостанай облысында жемқорлардан алынған ақшаға үш мектеп салынады

Qaz365.kz редакциясы

Сот барысында алынған қаржы алдын ала мақұлданған жобаларға жұмсалмақ

Ашық дереккөздерден

Қостанай облысында пара алғандардың соты барысында тәркіленген қаражат алдын ала мақұлдаудан өткен жобаларға жұмсалатыны белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Жергілікті «Костанайские новости» басылымының хабарлауынша, жемқорлардан тәркіленген қаржыға үш мектеп салынады.

«Ол қаржы Қостанай қаласының «Береке» шағынауданындағы мектеп құрылысының аяқталуына және Қостанай облысына қарасты Еңбек кентіндегі және Қарабалық ауданына қарасты Гурьяновка ауылындағы жаңа нысандардың құрылысын аяқтауға жұмсалады», - деді Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева.

Айта кетсек, мұндай бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Қаражатты аудару тетігі Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойған қаулымен бекітілді.

Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд түскен. Бұл ақшаға республика бойынша 72 мектеп салынады.