Риддердегі қазақ мектебі жабыла ма? Білім басқармасы түсініктеме берді

Qaz365.kz редакциясы

ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева осы мәселе бойынша түсініктеме берді

Qaz365.kz коллажы

Жақында әлеуметтік желіде Риддер қаласындағы «Шаңырақ» қазақ мектебі жабылады деген ақпарат тарады. Білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, қазіргі уақытта оқушылардың жай ғана басқа ғимаратта оқып жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева осы мәселе бойынша түсініктеме берді.

"2023-2024 оқу жылында бізде облыс бойынша ешқандай мектеп жабылған жоқ. Қазір жабылмайды да. Қазіргі уақытта барлық бала  білім берумен қамтамасыз етілген. Соның ішінде жаңағы "Шаңырақ” мектебінің оқушылары да бар.  Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттілігіне байланысты мектеп басқа ғимаратқа ауыстырылды. Штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. Барлық бала білім алуда", - дейді білім басқармасының басшысы.

Қазіргі уақытта мектеп үшін жаңа ғимарат салынып жатқандығы туралы хабарланды. Құрылыс келесі жылы аяқталуы керек.

Бұған дейін “Шаңырақ” мектебінің тозығы жетіп, ата-аналар ескіні жамауды емес, жаңа мектеп сұрағанын жазған едік.