Қазақстан мектептеріндегі тамақтану үлгісі өзгереді – ата-аналар не білуі керек

Qaz365.kz редакциясы

Оқу-ағарту министрлігі  тамақтанудың жаңа моделін әзірледі

Дмитрий Рогулин/ТАСС

Қазақстан мектептерінде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

“Елімізде әзірленген жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастырудың кезеңдік іс-шаралар кешенін қамтиды. Пилоттық жоба Астана қаласының алты мектебінде жүзеге асырылуда. Аталған модель Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп құрылды”, – дейді министрліктің мәлімдемесінде.

Бірінші кезеңде мектептегі тамақтануды ұйымдастыруды бағалау және талдау мақсатында балалардың мектеп асханасындағы мінез-құлқын бақылау, антропометриялық көрсеткіштерді өлшеу (бойы, салмағы) және дұрыс тамақтану қағидаттарын білуге сауалнама жүргізіледі.

Екіншісінде салауатты өмір салты саласындағы білім мен тәжірибені байыту үшін жеткізушілерді, мектеп персоналын, оқушыларды және олардың ата-аналарын оқыту ұйымдастырылады.

Үшінші кезең балалардың дұрыс тамақтануына және физиологиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аудара отырып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды үйлестіруді білдіреді.

Төртінші кезеңде балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл үдеріс денсаулықты сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етпек.

Соңғы кезең – енгізілген өзгерістердің мониторингі және тиімділігін бағалау.

Айта кетейік, бұған дейін министрлік тамақтануды ұйымдастырудың қауіпсіз жағдайларына әсер ететін критерийлерді зерттеген болатын. Соған сәйкес Ұлттық дәстүрлерге және өңірде өндірілетін отандық өнімдердің ассортиментіне сәйкес мәзір әзірленді.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап алғаш рет 1,6 миллионнан астам оқушы, оның ішінде 1,4 миллионнан астам бастауыш сынып оқушылары және 220 мың ХӘОТ санатындағы 5-11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды.